ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ САУРАНДЫҚ ЕКІ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

85
Сауран ауданының тумасы, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов өз демеушілігімен көпбалалы екі отбасыға баспана кілтін табыстады. Аталған отбасының қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев және аудан әкімдігінің қызметкерлері арнайы барып, жомарттық жасаған облыстық мәслихат депутатына ізгі тілектерін білдірді. Отбасы мүшелеріне сый-құрметін көрсетті.
Бүгінгі таңда тұрғын үйлер толығымен аяқталған. Баспана іші қазіргі заман талабына сай жабдықталып, жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ас үй мен қонақ бөлмесі де ерекше безендірілген. Сонымен қатар үй қажетті жиһаздармен толық қамтамасыз етілген.
–Жалпы, жұртқа қайырымдылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борыш. Мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Ауданда жүрегі мейірім мен шапағатқа толы азаматтарымыз көп. Бүгінгі жаңа баспананы тұрғызып, екі бірдей отбасыға үлкен қуаныш сыйлағаныңыз үшін Баймахан Тоймаханұлы сізге алғысым шексіз, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аудан көлемінде тұрғын үйге тәуелділікті азайтып, кезекте тұрғын азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын басталатын болады.