ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

148

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Жобаның басты мақсаты − ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бағдарлама басталғалы ауыл-аймақтарда мыңдаған шаруа мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашып, шаруашылығын дамытты. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылғы өндірілген өнім көлемі жағынан Түркістан облысы 13,3% көрсеткішпен республикада көш бастады. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Қалданов мәлімдеді.

«2023 жылы Республикалық бюджеттен аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, жалпы 3 256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3 413 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарлама аясында өткен жылы шаруалар — 1 трлн 158,7 млрд теңгенің өнімін өндірді. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында кооперативтер негізінде дамуға басымдық берілмек. Кооперативтерге 992 миллион теңгеге 40 ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтар сатып алынды. Биыл бағдарлама аясында республикалық бюджеттен өңірге 10,6 миллиард теңге бөлініп, егін, мал, құс және балық шаруашылығына, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтауға бағыттау көзделіп отыр. Жобаның бұл жылғы ерекшелігі — кәсіпкерлердің уақытын үнемдеу мақсатында өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі жұмыс іске қосылды»-деді спикер.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникация қызметі