КӨКПАР СПОРТЫНЫҢ ТӨРЕШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТУДЕ
Астана қаласында қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Онда 21 спорт түрі бойынша 90 елден 2000-нан астам спортшы бақ сынайды. Бүгінде көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дүбірлі додаға дайындық аясында бүгін Шымкентте көкпар спортының төрешілеріне арналған халықаралық тренинг-семинар басталды.
Халықаралық тренингке Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Мажарстан, Грузия, Пәкістан мемлекеттерінен, жалпы 35 төреші қатысуда.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев әр федерация төрешілерге арналған семинар-тренингтер өткізетінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта 90 ел ойындарға қатысатынын растаған.
– Халықаралық семинар-тренингтің алғашқысы Шымкентте ұйымдастырылып отыр. Іс-шараны өткізудегі мақсат – төрешілердің біліктілігін арттыру, біздің көкпардың ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырып, жарысты жоғары деңгейде өткізу. ҚР көкпар федерациясымен бекітілген бірқатар ережелер бар. Соған сай мамандар біліктілігін арттырады. Сондай-ақ, биылғы ойындардың қатарына Қырғыз елінің көкбөрі спорты да қосылды. Көкпар ойынына 10-нан астам ел қатысады, – дейді Мұратбек Сұлтанбекұлы.
Айта кетсек, түстен кейін практикалық тұрғыда тренингтер өтпек. Бүгінде Түркістан облысы және Шымкент қаласының көкпаршылары Ұлттық құрамамен бірге жаттығу жиындарына қатысып жатыр. Көшпенділер ойындарына аттанатын көкпаршылар жаттығу жиынынан кейін мәлім болмақ.