ТҮРКІСТАН: ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІН МЕРЕКЕЛЕУ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ

76
Сарыағаш ауданы «Сарыағаш мүгедек балаларды оңалту» орталығында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Мен өмірдің гүлі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мұндай мерекелік бағдарламалар Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты барлық оңалту орталықтарында атап өтіледі.
Салтанатты жиынға атсалысқан барлық мекеме қызметкерлері балалардың қуанышына ортақтасып, ізгі тілектерін арнады. Осылайша орталықта әсем ән шырқалып, бишілер мың бұрала би биледі. Бұл мерекенің мақсаты – балаларды өмір сүруге бейімдей отырып, пікір бостандығына және қорғауға құқығы бар екенін түсіндіру. Кеш соңында мекеме басшысы Ф.Арысбаева атаулы мерекемен барлық балаларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Атаулы күнде кезекті мерекелік шара, Сайрам ауданындағы оңалту орталығында жалғасты. Жиынға Сайрам аудандық мәслихат депуттары Керімов Асанали , Сапарбаев Дархан , «Ақсукент» БПҰ төрағасы Берік Құдайбергенов, «Аманат» партиясы Сайрам аудандық филиалының кеңесшісі Гуломжан Ирискельдиев және «SADAKA BEREKE» қайырымдық қорының бас директоры Насириддинов Шахабиддин Фахриддинұлы арнайы қатысып, балаларды мерекемен құттықтап, түрлі сыйлықтар тарту етті. Көңілдері шатыққа толған балалар мәз мейрам болып, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне белсенділік танытты.
Сондай-ақ шара барысында, Сайрам аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары балаларға керемет көңіл күй сыйлау мақсатында сахналық қойылымдар қойды. Оған қоса «№ 1 Сайрам саз» мектебінің бишілері мен «Томирис» би тобының қыздары мың бұрала билеп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.Айта өтейік, «Түлкібас мүгедек балаларды оңалту орталығына» 10 жыл толуына орай, аудандық мәдениет үйінің сыртқы алаңында, «Әрбір бала – бір жұлдыз» атты концерттік шара өтті. Игі шараға аудан әкімі Н.Ізтілеуов, аудандық ардагерлер кеңесі, маслихат төрағалары, «Аружан» қоғамдық бірлестігі және аудандық Аналар кеңес өкілдері қатысып, балаларға жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жиын барысында бірқатар мекеменің білікті мамандары марапатталды. Ал қызметтерді алушы балалар келген қонақтарға дайындаған өнерлерін паш етіп, шығармашылық дамытушы сабақтарынан үзінді көрсетті. Сондай-ақ мекеме психологы және дене шынықтыру мұғалімі келген қонақтармен, ата-аналармен бірге көңілді тренингтер өткізіп, спорттық ойындар ойнатты.
Жалпы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 5 оңалту және 1 әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық жұмыс жасайды. Онда жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік көмек түрлері ұсынылады.
Балалар мерекесіне арналған концерттік шаралар басқа да орталықтарында жалғасады деп күтілуде.