ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ
Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Айтулы мерекеге қарсаңында қалалық Ардагерлер үйінде ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған қала әкімінің қайырымдылық дастарханы жайылды. Тағдырдың сынына мойымай, асқақ арманға қанат қаққан қаршадай балаларға арналған шарада шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін арнады. Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Ерекше күтімдегі балалар ән айтып, би билеп өнерлерімен келушілерді тамсандырды.
Шара барысында, қаламыздың жаны жомарт кәсіпкерлері және Іскер әйелдер ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге заттай сыйлықтар үлестіріп, тәттілар мен балмұздақ таратып оларды шексіз қуанышқа бөледі. Сонымен қатар, мерекеге орай Арыста орналасқан «Danis» коррекциялық дамыту орталығында ерекше жағдайдағы балаларға арналған мерекелік кеш өтті. Ерекше балаларды мерекемен құттықтауға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова және Шымкент қаласы әкімнің кеңесшісі, балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева арнайы қатысып, ізгі тілектерін жолдады.
Думанды шарада кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, ерекше балалар өз өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре болды. Мерекелік кеште ерекше балалар мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Бүгінгі таңда Арыс қаласы бойынша ерекше күтімді қажет ететін 159 бала бар. Оларға қалалық Жұмыспен қамту және Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан әлеуметтік қызметкерлер қарастырылған. Айтулы мерекеге орай барлық балаға 5 АЕК көлемінде қаржылай сыйақы аударылып беріледі.