ҚАЛА ӘКІМІ Ж.ТАСОВ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық «Ақниет» қайырымдылық қоры мен «Көзқарас» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, қала әкімдігінің ұйымдастыруымен балаларға мерекелік дастархан ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов және облыстық маслихат депутаты Талғат Садуов барлық балаларды мерекемен құттықтады.
«Қаламызда жыл сайын бала саны артуда. Ол біз үшін қуанттарлық жағдай. Еліміз үшін ең маңыздысы – ана мен баланы қорғау. Отбасы бұл мемлекеттің бір бөлігі. Елдің ертеңгі болашағы — балалардың бақытты өмір сүруі. Қызыққа толы кіршіксіз балалық шақ әр сәбидің көңілін марқайтып, өмірін жадырататыны айдан анық. Барлық балаларға тәтті балалық шақ тілеймін» деді қала әкімі.
Игі шарада қаланың өнерпаз жастары әсем әуендер шырқап, балғын балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Әрбір балаға сыйлықтар таратылып, түрлі ертегі кейіпте киінгендер қуаныш сыйлады.
Әрбір бала – бақытты болуға лайықты. Мерекелік шарада көздерінен шуақ шашқан балалар аналарымен бірге көңіл көтеріп, мерекенің жоғары деңгейде аталып өтуіне белсенділік танытты.