ТҮРКІСТАН: МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан облысы бойынша мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау көрсету бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Оған бюджет есебінен қажетті мөлшерде қаржы қарастырылған. Бүгінде мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы оңалту орталықтары, қажетті құрал-жабдықтар, инватакси қызметтері, санаторий-курорттық емдеу орындары қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық құралдар, сурдотехникалық, міндетті гигиеналық, тифлотехникалық құралдар мен кресло-арба сынды жабдықтар қарастырылған. Сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеу қызметімен 5 306 адам қамтылды.ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік қызметтер порталы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған. Ал Түркістан облысында 98,7 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген.
Жалпы әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік-еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Аталған порталдың мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе екенін біле жүріңіз. Сонымен бірге портал (инватакси қызметтерінен басқа) 5-үдерісті цифрлауды көздейді. Оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, ымдау тілі маманының қызметтерін көрсету, жеке көмекшінің қызметін көрсету жұмыстары жатады. Айта өтейік, бүгінде порталдағы тізім бойынша облыста 243 өтінім беруші тіркелген. Оның ішінде 21 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 146 оңалту техникалық құралдары және 57 санаторий-курорттық емдеу бойынша қызмет көрсетілуде.