Түркістан облысында ерекше жандарға 51 инватакси мен 50 әлеуметтік көлік қызмет көрсетеді

76

Бүгінде Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту өзекті мәселелердің бірі.   Облыс бойынша бірінші топтағы 8 830 адам тіркелген. Оның ішінде 5761 адам кресло-арба қолданады, 1237 адамға ымдау тілі, 1832 адамға жеке көмекші қызметі тағайындалған. Аталған санаттағы азаматтар инватакси қызметімен қамтылуы қажет. Облыс бойынша 51 инватакси, 50 әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Жыл басынан 2139 адам тасымалдау қызметімен қамтылған. Бұл жалпы қажеттіліктің 24,2 % ғана қамтылып отыр. Сонымен қатар, Түлкібас ауданында мүлдем инватакси қызметі жұмыс жасамайтындығын атап өтіп, аудан, қала әкімдеріне инватакси көліктерінің санын арттыру, қызмет сапасын бақылау және тек сертификатталған көліктерге рұқсат беру мәселесі қарастырылмақ.

Инватакси. Аты айтып тұрғандай, бұл мүгедектерге арналған такси қызметі. Иә, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін әлемнің көп елдері мен қалаларында осындай инватаксилер пайда болды. Қазақстан да мұндай жаңалықтан шет қалған жоқ. Қазір мұндай қызметтер Қазақстанның әрбір ірі қаласында бар. Денсаулығының мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау – кез келген қоғамның өткір мәселесі. Бізде де бұл күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселенің бірі. Егер үлкен қалаларда бұл сала әупірімдеп қолға алынып жатса, ірі қалалардың төңірегіндегі шалғай елді мекендердегі жағдай алаңдатарлық күйде.Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар ел халқының 10%-ын құрайды. Азаматтардың бұл бөлігі тұрақты алдын-алу немесе емдеу шараларына аса мұқтаж. Ал, арнайы мамандандырылған мекемелер облыс орталықтарында немесе астанада болғандықтан, науқасты тиісті жеріне жеткізуде де қиындықтар кездеседі. Сондықтан да, инватакси қызметі ауадай қажет екені сезілуде. Елімізде инватакси алғаш 2009 жылы Алматы қаласында пайда болған.