Патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықтан қалай арылуға болады?

98

Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету жөнінде орын алып жатқан мәселелер жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету үшін халық арасында ақпараттық жұмысты күшейту басты міндет. Себебі ел болғасын неше түсініктегі адамдардың болуы заңдылық.  Ғалымдардың зерттеуінше, патерналистік көңіл-күй мен масылдық психологияның көрінісі – бала 2 жасқа толғаннан кейін жеңіл, қолынан келетін дүниелерді істеуіне ата-аналардың мүмкіндік бермеуінен басталады. Мұны күнделікті қарапайым дүниелердің қалыпты нормаға айналып кеткенінен аңғару қиын емес. Мәселен, үлкендер тарапынан балаға берілетін шектен тыс махаббат пен қамқорлық оның өзін тануы мен дамуын тежейді. Тамақтанғанда қасықты өзіне ұстатпай, әке-шешесі аузына тосса, жыласа, бірден әлпештеп, қалауын орындаса, бала психологиясында уақыт өте келе масылдық әдеттер орныға бастайды. Сәйкесінше бұл баланың тұлғалық жетілуінде еңбек ету, құлшыну, қиындықты жеңу, шешім шығару деген сынды дағдыларға бейімсіз етеді.

Еңбек қағидаты мен заңдылығына сай болу үшін Абайдың «әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз болады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Ал әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз надан болса, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» дегенін қаперге аламыз.

Сананы тұрмыс билеген уақытта  қоғам тіршілігіндегі жағдайлардан қалыптасқан масылдық психологиясынан Президент Қ.Тоқаевтың еңбексүйгіш, мемлекетке пайда әкелетін адамдардың көп болуы үшін қоғамдық сананы қалыптастыруымыз керек дегенін дәл осы мәселенің тиімді шешімі ретінде қарастырамыз. Себебі өзіне емес, мемлекетіне арқа сүйегендер саны артса, жоғарыда атап өткен қағидат бұзылып, «мемлекет маған не бере алады?» деген принцип қалыптасады.

Әлеуметтік-демографиялық даму мәселелерін қамтамасыз ету, патерналистік көңіл күй мен масылдықты төмендету, қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, қоғамдағы инклюзияны, барлық азаматтардың өзара құрметтеу, теңдік құндылықтарын жалғастыру мен бекіту мәселесі  уақыт өтсе де, өзектілігін жойған емес.

Әлеуметтік-демографиялық саладағы проблемаларды шешу үшін мемлекетімізде «масылдық психологиясындағылар көбейді» деген дақпыртты  үдетуге де болмайды. Еңбекке бейімділікті қалыптастыратын, санаға сілкініс әкелетін адами капиталға жіті көңіл бөлінсе, жұмыссыз жүргендердің  потенциалын ашуға көмектесетін қоғамдық ұйымдар жұмысы жанданса, Мемлекет басшысы бекіткен инновациялық стратегия мен ортақ міндет, ортақ мүдде ғана  жарқын болашаққа жетелейді.

Жаһандану кезеңіндегі нарықтық экономикада нәтижелілік қана көрініс табуы қажет. Бұл еңбек күшінің артуы үшін ынталы жастар цифрлы технологиялар мен биоинженерия дамуындағы революциялық өзгерістерге де сақадай сай болу керегін ұқтырады.

Сарапшы мамандардың «пандемия кезеңінен кейін жұмысынан айырылғандар саны еселеп арта берсе, ел экономикасы біртіндеп құлдырайды» деген кеңесін есте ұстаған жөн. Себебі адамдардың белсенділігін оятып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ынтымақтастығын күшейту  экономикалық саясат пен әлеуметтік-демографияны жандандырып, халықтың масылдық психологиядан арылуына жол ашады.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 70 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40567 теңге, ал ең төменгі зейнетақы  53076 теңгені құрады. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруге тапсырма берді.