Инклюзия бағытындағы үлкен қадам

71

Түркістан облысының тұрғындарының назарына ерекше қажеттіліктері бар балаларды өзгелермен қатар оқытуға мүмкіндік бар екендігі жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларды өзгелермен қатар оқытуға мүмкіндік беретін инклюзивті білім беру ісі елімізде қарқынды дамып келеді. ҚР-ның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының басты міндетінің бірі – инклюзивті білімді дамыту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заң ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар білім алушылардың қолжетімді білімге құқықтарын кемсітусіз іске асыруға және оларды оқытудың барлық деңгейлерінде инклюзивті білім берумен қамтамасыз етуді көздейді. Білім беру саласында енгізіліп жатқан реформалар, ең алдымен, еңбек нарығындағы жаһандық бәсекелестікке төтеп бере алатын құзыреттілігі жоғары кадрлық әлеуетке деген қажеттілікпен тікелей байланысты.

Бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыру жолында басты үміт мұғалімдерге жүктеледі. Еліміз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу – педагогтердің алға қойған басты мақсаты екені анық. Бүгінгі бала – ертеңгі азамат болғандықтан, сол азаматты болашақ өмірге бейімдеу – білім беру ұйымдарының негізгі міндеті. Бұл міндетті іске асыру, ең алдымен, балалардың зияткерлік, әлеуметтік, физикалық, эмоционалды, психикалық қажеттіліктеріне қарамастан, білім алу үшін тең мүмкіндіктер жасауды білдіреді. Осындай қолайлы ортаны құру процесі көпқырлы және ол инфрақұрылымды құру, арнайы жабдықталу, оқу процесінің барлық қатысушылары – мектеп мұғалімдері, мамандары, ата-аналар мен балаларды даярлау шараларын қамтиды.

Еліміздің 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында инклюзивті қоғамды дамыту үшін кең ауқымды іс-шаралар қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инфрақұрылым құру мәселесін шешу міндеті қойылды – ол оңалту орталықтары мен инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін ашу.

Бұл күндері өңірде ерекше білімге қажеттігі бар балаларға қолайлы кеңістік құру үшін инклюзивті білім берудің 2 ресурстық орталығы және инклюзивті білім беруді қолдаудың 4 кабинеті жұмыс істейді. Аталмыш кабинеттердің ашылуы «Қамқорлық», «Болашақ», «Дара» қоры арасындағы ынтымақтастық келісім және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. Облыстық білім басқармасы соңғы 4 жылдан бері бұл қорлармен ортақ мақсатта бірлескен жұмыстар жүргізуде.