Инклюзия арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың еңбек нарығына қатысу мүмкіндігі артады

73

Инклюзия – қоғамдағы барлық адамдардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды ұғым. Түркістан облысында инклюзияны дамыту және қолдау мақсатында көптеген шаралар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл мақалада Түркістан облысындағы инклюзияның қазіргі жағдайы, оның артықшылықтары мен кемшіліктері, сондай-ақ болашаққа арналған жоспарлар қарастырылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 140 мыңға жуық бала ерекше білім беруді қажет етеді. Оның 38 мыңы – мектеп жасына дейінгі балалар, 96 мыңы – оқушылар. Инклюзивті білім беру әлемде маңызды мәселеге айналды. Қазақстанның «Баршаға арналған білім» бағдарламасы негізінде инклюзивті білім беруді ілгерілету бойынша жүзеге асырған саясаты мен бастамаларының тың мүмкіндіктерін қарастыру күн тәртібінен түсе қоймады. Осыған қатысты педагог ретінде бір үзік пікірімізді білдіргенді құп көрдім.   Әуел баста түсіндіре кетелік. Инклюзивті білім беру дегеніміз – әрбір оқушы қажеттілігін қанағаттандырарлық сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету процесі. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев 2021 жылғы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі заңға қол қойғаннан кейін жалпыға бірдей білім беретін мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы жабдықталған сыныптар ашылды. Мектепке келе алмай жүрген балалар өзі қатарлас балалармен бір сыныпта сабақ оқуға мүмкіндік алды. Аталған заңның арқасында арнайы мамандар жұмысқа тартылып, оларға жағдай жасалуда. Арнайы оқулықтар, жұмыс дәптерлері шығарылды. Енді осы оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің саны артып, кітапханаларға көптеп таратылса, яғни, бәріне қолжетімді болса және мамандар біліктілігін арттыратын ақысыз курстар ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет басшысының қолдауымен әлі де көптеген жүйелі жұмыстар атқарылатынына сенім мол. Қазірдің өзінде ерекше қажеттілігі бар жандар инклюзия игілігін сезіне бастады. 2008 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қол қойып, онда мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін инклюзивті білім берудің маңыздылығы аталған еді. Үкімет ұсынған негізгі бастамалардың бірі – «Баршаға арналған білім» бағдарламасы. Бұл бағдарлама Қазақстандағы әрбір баланың шығу тегі мен қабілетіне қарамастан сапалы білім алуын қамтамасыз етуді көздейді. Мұнымен бірге, Қазақстанда инклюзивті білім беруді ілгерілетумен айналысатын бірқатар үкіметтік емес ұйымдар да бар. Мысалы, «Ашық қоғам қорлары» Қазақстанда 1993 жылдан бері инклюзивті білім беруді дамыту және мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірін жақсарту мақсатында жұмыс атқаруда. Мұнда оқушылармен, мұғалімдермен және ата-аналармен кешенді негізде жұмыс атқару маңызды. Яғни, бұл этикалық зерттеу тәжірибесіне сүйене отырып, мүдделі тараптармен бірлескен қарым-қатынасты дамытуды талап етеді.