ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ МАСЫЛДЫҚ ПА, МҰҚТАЖДЫҚ ПА?

89

Қоғамда жеңіл жолмен ақша тауып, жан қинамай өмір сүргісі келетін адамдар жетерлік. Тегін дүниені қарпып, оңай олжаны тартып алғысы келетін жандардың дерті «масылдық» деп аталады. Бұл жандар үшін маңдайдың тері шығып, таңдайдың құрғағаны – қасірет. Халықтың тегін жерлерді тінтіп, тер төкпей табыс тапқысы келуі мемлекетті де алаңдататын ахуал. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылу керек», – деп пікір білдірген. Жолдау жарияланып, жұртшылыққа жеткен уақытта «масылдық психологиясы» мен «патерналистік пиғыл» туралы пікірлер трендке айналып, қоғамның талқысына түсті. Толассыз талас-тартыс «Халықтың талап-тілегі масылдық па, мұқтаждық па?» деген маңызды сұрақ тудырды. Түрлі пікірлер мен ойлардың қақтығысы өз жан-дүниемізге үңіліп, ішкі дауысымызды тыңдауға сеп болды.

Ойдың жауабы: – Абай «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!» деп опынады. Бұл сөз – біздің билік пен бұқараға, шенеунік пен халыққа айтылған сөз секілді. Екі тараптың арасында көпірдің жоқтығы, байланыстың болмауы – мәселелердің ушығып, проблемалардың қордаланып қалуына әкелді. Биліктегілердің биік мінберлерден халыққа мін тағуы, халықтың шенеуніктерді жарытпауы шынайы коммуникацияның жоқтығынан туындады. Халықты жазғыруға болмайды. Шенді де, шекпенді де, шенеунік те халықтың бір бөлшегі екенін ұмытпаған ләзім. Жезайыр жазушы Шерхан Мұртаза «Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Ал бір буырқанса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын», – дейді. Мұхиттың толқыны талай тасты тас-талқан етіп, тұғырлы ғимараттардың түгін қалдырмағанын көз көрді. Бұл – тәуелсіздік алып, «тәй-тәй» басқан мемлекет үшін ұлы сабақ болды. Ал, «Халықтың талап-тілегі масылдық па, мұқтаждық па?» деген сауал орынсыз. Халықтың талап-тілек айтуы масылдық немесе мұқтаждық емес. Бұл – заңдылық. Ел – өз талабын айтып, өз тілегін білдіруге құқылы.