Масылдық пен мұқтаждықты шатастыруға болмайды
Масылдық пен мұқтаждықты шатастыруға болмайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі», – деп пікір білдірген. Халықтың «Үкімет тарапынан көмек болса, мемлекет қолдаса» деген есеп үмітпен, есек дәмемен өмір сүруі – социалистік мемлекет қалыптастырған қағидалардан қалған дерт. «Патернализм» деген сөз «әкелік» деген мағына береді. КСРО – бес жылдық жоспар арқылы экономикасын дамытуды көздеген, халықтың санасына патернализмді сіңіріп тастаған одақ.
Яғни, халықты «әкелік қамқорлыққа алу» принциптерін ұстанып, социалистік өндіріс қалыптастыруды басты мақсат тұтқан. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста бұл қағидалар қирады. Қоғамға жаңа түсініктер келді. Еліміз дамудың дара жолына түскен мемлекет үшін басты бағдар патернализм емес, прагматизм болу керек екенін түсінді. «Прагматизм» гректің «прагма» деген сөзінен шыққан, «іс», «әрекет» деген мағынаны білдіреді. Мемлекет прагматизм арқылы дамыса – халық болашақты бағдарлау арқылы ысырапшылдыққа жол бермеу, өткенді бажайлау арқылы ертеңге қадам басу секілді нәрселерді меңгереді. Ойшылдар мен философтар зерделеген «идеалды мемлекет» – әрбір азаматы адал еңбек етуге талпынатын, ата заңы азаматтың құқығын қатаң қорғайтын мемлекет. Бұл – адам мен билік шынайы серіктес болу керек деген сөз. Билігі адамды тыңдай білетін, халығы билігіне сенетін мемлекет қана әлеуметтік прогреске жетеді, жаңғырудың жаңа соқпағына түседі.
Көп отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасу, мүлікті жасыру секілді алаяқтыққа барды. Билік 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем бергенде халықтың жапа-тармағай жанталасқаны да жадымызда. Жағдайы төмен отбасыларға берілетін азық-түлікке Lexus пен Mercedes мініп келген адамдар да есте. Шын мұқтаж жанның асын тартып алу – арсыздық. Қоғамда аз ғана шуағы түсіп тұрған күнді көлегейлегісі келетін адамдардың көп екені өкінішті-ақ