Масыл болмай, асыл болудың жолы
Мемлекеттің экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік дамуына кедергі келтіретін кеселдің бірі – масылдық. Жасыратыны жоқ, қанша күрес жүргізсек те «алма піс, аузыма түс» деп отыратын, қалтаны қампайтудың оңай жолын ғана маңдайға алған адам көп. Айта берсек ұзаққа кетерміз. Бірақ әлеуметтік масылдық бүгінгі қоғам үшін қауіптің нақ өзі болып отыр. Жаппай масылдыққа бой үйреткен ел ілгері баспайды, қайта іркіліске ұрындыратыны анық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жүйелі реформа құруға тосқауыл болып отырған масылдық психология екенін жиі айтып келеді. «Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке орай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз», – деп оны жою үшін тізе біріктіруге шақырғаны мәлім.
Біреуге иек артып өмір сүруге әдеттенбеу керек дейтін азаматтар елімізде аз емес. Солардың бірі – жеке кәсіпкер, тігінші Дамыс Болатхан. Оның тігін машинасының құлағына отырып, қолөнермен айналысып жүргеніне 4 жыл. Бастапқыда көлік орындықтарына жабу тігуді үйренген, кейін одан қалған маталардан сөмке жасай бастапты. «Сөйтіп, көлікке арналған жабуларға емес, сөмкелерге сұраныс артып, саудам жүре бастады» дейді ол.
Қазіргі таңда Дамыс ерекше сөмкелермен елімізді ғана қамтымай, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспорттап отыр. Еңбек адамы жұмысының алға басуына мемлекеттік бағдарламалардың тигізген ықпалын жоққа шығармайды. Алайда ол, тынымсыз еңбек, мақсатына адалдықтың арқасында бизнесін жоғары деңгейге көтергенін айтады. «Жұмыс күші жеткілікті. Бүгінде 7-8 азаматты жұмыспен қамтып, жалақысын уақытылы төлеп отырмын. Мемлекет көмегін аямайды, дегенмен айналаңа салмақ салмай, өз бетіңше еңбек етудің әсері бөлек»,-дейді ол.
Иә, қазіргі күрделі кезеңде халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес еңбек адамдарынан құралған қоғамның ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан ел жағдайын оңалтуға бағытталған бірқатар әлеуметтік шараларды жүзеге асыруда. Бірақ ол бүкіл бұқараны қамтамасыз ете алмайтыны белгілі. Сондықтан, елді кері тартатын кесепаттың жолын ерте бастан кесуге тиіспіз дейді психологтар.
Балалар психологы Айгүл Рахымжанқызының айтуынша «Адамның бойында масылдық қасиет бала кезден қалыптасады. Одан арылту үшін ұл-қызбен ерте бастан жұмыс істеу керек. Көп ретте ата-аналар балаға жауапкершілік алуға мүмкіндік бермейді. Міндеттің барлығын мойынына артып алып, бүлдіршіннің өздігінен әрекет етуін шектейді. Әрбір екінші мектеп оқушысы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінбейді. Тамағын алдына тосып, әлдештеп, еркелетуге дайын тұрамыз. Сөйте келе әрбір ұл мен қыз өзінің айналасына бұйрық беруге, айтқанын орындатуға үйреніп алады. Ал өзі қолын да қимылдатуға құлықсыз болып өседі. Ондай балалар еңбектенуден қашып, жалқаулыққа жақын болады. Баланы өз күнін өзі көруге баулуымыз керек. Сонда ғана өзгелерге масыл болмай, ел қатарлы ақша табуға әрекеттенеді. Оған ешкім қиын кезде көмектеспейтінін, «кедергі атаулыны өзің ғана жеңе аласың» деп ұғындыруымыз қажет. Маған бәрі өздігінен келе қалса деген түсініктен арылатын уақыт жетті».
Қазіргі уақытта еңбек етемін, күш-қайратымды табыс табуға арнаймын деген азаматтарға соншалық тосқауыл жоқ. 40 жылын ағарту саласына арнаған ардагер педагог Әбіл Көшербайұлы «кейінгі кезде «Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ, аяғы қимылдаған адамға алыстық жоқ» дейтін халық қағидасына мойын бұрмайтын жағдайға жеткендейміз»,-деген пікірде.
«Мектептен түлеп ұшқан жастар арасында бағыт-бағдарын нақты айқындап алатындар аз. Жоғары оқу орнына түсе алмағандар қайтпек? Бұл – маңызды проблема. Мектеп түлектерінің 60 пайызы жыл сайын оқуға түсе алмай қиналып қалады. Жұмысқа орналаса алмағандықтан, оқыс оқиғаларға тап болатындар көбейген. Осы тұста «Олар ауылда қалып неге жұмыс істемейді?» деген сауал туындауы мүмкін. Жас буынның көбі ауылда туып өссе де ауыл шаруашылығының жөнін білмейді, қарапайым тірліктен алыс. Өйткені мектептерде оқушыларды ауыл шаруашылығына баулып, тәлім беретін еңбек кабинеттері тапшы. Бұрынғы еңбек сабағының орнына қазір технология деген пән беріледі. Осы орайда мектептерде ұл балалар мен қыздарға арналған еңбек пәні сыныптарын қайта құрылымдап, ауылдық жерлерде агротехника пәнін жүргізу қажет»,-дейді Ә.Көшербайұлы.
Масылдықпен жүйелі күрес жүргізудің тиімді жолы – еңбек адамдарының санын арттыру, аймақтарда жұмыс орындарын көбірек құрып, қызметкерлерді ынталандыру. Мемлекет басшысы айтқан «еңбекқор ұлтқа» айналудың бір амалы осы болса керек.
Материалды қолданған жағдайда, бастапқы 1 немесе 2-сөйлемде malim.kz сайтына гиперсілтеме беруіңізді сұраймыз. Авторлық құқықты құрметтегеніңізге алғыс айтамыз.
https://malim.kz/article/society/masyl-bolmai-asyl-boludyn-zoly-19124