ТҮРКІСТАН:  КІТАП — МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘДЕНИ МҰРАСЫ

325

Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында ашық аспан астында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне арналған «Кітап — Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» атты мерекелік шара болып өтті. Бұл күн дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні деп 1995 жылдың 23 сәуірінен бастап белгіленіп, аталып келеді. Жиында кітап көрмелері ұйымдастырылып жаңа кітаптар таныстырылды. Сондай-ақ, «Оқы және өзгеге ұсын!» БУККРОСИНГ жобасы ұсынылды. Жоба оқыған кітабыңды өзгеге ұсыну мақсатында құрылып отыр.

Буккросинг жобасы «Farab» кітапханасының алдында күнделікті «Оқы және өзгеге ұсын» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастыратын болады. Негізгі идеясы – өзара кітап алмасу. Оқырмандардың өз бетінше оқуын дамыту, көркем әдебиетті, шетел классик жазушыларының туындыларын насихаттау болып табылады. Осындай мақсатта іс-шараға Еспенбек Әбіләкім есімді зейнеткер өзі оқыған, ендігісін оқырманға алып келдім деп, өз қолымен бірнеше кітаптарды кітапханаға табыстады.

Кітапхана ауласында өткен жиынға «Түркістан облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқық» бөлімінің басшысы О.Жолдыбаев, Зияткерлік меншік құқығы бө-лімінің бас мамандары Н.Кудайбергенов, Д.Есентуреевалар арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы және мәдениеттанушы, еңбек ардагерлері Алима Пашанова мен Раушан Сержановалар қатысып, өздерінің пікірлерін білдірді. Шарада «Түркістан облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқық» бөлімінің басшысы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар түсінігі» деп аталатын баяндама оқып, әр адамның авторлық құқығы жайында түсіндірді.

Сонымен қатар, «Балалар кітап әлеміне» деп аталатын көрмесіне келген кішкентай қонақтар өз өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, мың бұралып билеп көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кітап – атадан қалған асыл мұра емес пе? Ол – мәңгілікке сапар шеккен ақыл ескерткіш. Ендеше, кітап – білімді қару еткен жаңа әлемдегі жаңа еліміздің озық та өнерлі өкілі болайық!