ТҮРКІСТАН: БАСТЫ МАҚСАТ — САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

127

Өкіметке алақан жаймай, өзін өзі жұмыспен қамтып, іс бастаған адамдар бүгінгі күннің мотиваторлары деуге болады. Мемлекет те, айналадағы жұртшылық та кәсібінен нәсібін айырып отырған адамдарға құрметпен қарайды, қолдайды. Солардың бірі де бірегейі кәсіпкер Салтанат Шаукенова жайында аз-кем әңгіме.

Әдетте, кейіпкерлеріміз кәсіпке отбасылық кәсіптен не жұмыссыздықтың салдарынан келдік деуші еді. «Қазіргі заманда жұмыс жоқ деп айта алмаймыз. Жұмыс бар. Оны – жалқаулық, не табысына көңілі толмаушылық (айлықты азсыну) десек дұрыс болар» деп өз ойын айтты.

«…Ел қатарлы жоғарғы оқу орнын тәмамдап, диплом алдым. 2010 жылы ХҚТУ-дің Өнер факультетін «Киім дизайны» мамандығы бойынша оқып бітірдім. Кішкентайымда сурет салу, тігін тігу, тоқыма тоқуға қызығушылығым зор болатын. Дизайнер болуды армандаушы едім. Алла қолдап, қалаған мамандығым бойынша білім алдым. Алайда, дипломым педагогикалық салаға жарамсыз болды да мектеп-колледждерге жұмысқа тұра алмадым. Колледжге кіру үшін тағы да магистратура оқу қажет болды, бірақ, мен мұғалімдікке қызықпадым. Екі-үш жылдай саудамен айналысып жүрдім. Бірақ, өзімнің сүйікті ісім тігін-қолөнерімді тастамадым.Өз кәсібімді ашып, жолға қойсам деген ниет болды. Неге өз кәсібімді ашпасқа? Тәуелсіз, өз өзіңе басшы, өз ісіңді жүргізу бюджеттік мекемеге байланған анағұрлым жақсы ғой, деген ойлар маза бермеді.

Сөйтіп, 2017 жылы бірге оқыған курстас құрбыммен бірге іс бастағанбыз. Алғашқы кезде аса қиыншылық болмаса да, табыс аздау және жылдамдық (айналым) баяу болды. Себебі, сапалы қызмет ұзақ уақытты талап етеді. Бұл істе сапа бастысы, ол маңызды. Сапалы қызметтің арқасында тапсырыстар, яғни клиенттер көбейе бастады. Осы кезде құрбым екеуіміз үлгере алмай тағы бір жұмыс орнын ашып тігіншілер алсам деген ой келді, Ол, әрине қаражатқа келіп тіреледі. Қаражат көзін табу керек, кәсіпті кеңейту керек. Қайтпек керек? Осылайша көкейімде сайраған сан сауал мені кәсіпкерлік палатасына алып келді.

2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кеңес алып, «Бастау бизнес» курсын бір ай оқып бітіріп сертификат алдым. Бизнес жоспар түзіп, оны комиссия алдында қорғап 555600 теңгенің қайтарымсыз грантын ұттым. Осы алғашқы бес жүз мыңдық грантты ұтқанда қуанышымда шек болмады. Кәсіпкерлік палатасындағы жетекшім Рави Тастанова:

– Салтанат, қабілетің жетеді, кәсіпкерлік ұшқыр идеяларыңды жетілдірсек бұл гранттан бөлек инновациялық идеялармен грант ала алатын мүмкіндік бар, – деді. Сол ұстазымның жігерлендіруімен тағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан кеңес алып, оған құжаттар жинай бастадым. Жаңа идеялар мен бизнес жоба іздедім, бір жыл дайындалдым.

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағдарламасы бойынша конкурстық іріктеуге қатысып, менің «Тігін шеберханасы» «Аруназ» ЖК кәсіпкерлік субьектім жеңімпаздар қатарынан көрінді. Сөйтіп, 2021 шілде айында 4 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Аллаға шүкір, осы қаражатты алған соң ісіміз дөңгеленіп, жұмысты кеңірек ауқымда жүргізе бастадық», – дейді Салтанат.

Салтанат басқаратын тігін шеберханасы бүгінде ұлттық киімдердің барлық түрін тігеді. Той костюмдерінен бастап күнделікті киімдерге дейін . Сәукеле, диадема, алқа, белдемше тігу, ерекше ұлттық нақыштағы өрнекпен костюмдерді тапсырысқа қарай тігеді. «Сондай-ақ, білезік (браслет) секілді қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысамыз. Арасында мектептер мен мекемелерден тапсырыс болса мектеп формалары мен дескорд (бірыңғай киім) де тігіп береміз» дейді шебер.

Тігін шеберханасының жетекшісі қалалық Жұмыспен қамту орталығынан 9 жұмысшы алып, жұмыс беріп отыр екен. «Жұмысшыларым да қарапайым, кәсіптен нәсібін айырып отырған қыз-келіншектер. Табыс жағы әр кезде әрқалай. Маусымға қарай құбылып отырады. Мектеп формалары, т.б. маусымдық тапсырыстар кезінде жұмыс көп болады, тиісінше табысымыз да мол. Кей кезде бәсеңдеп қалады. Дегенмен, тоқтап қалған жеріміз жоқ. Бұйырған нәсібімізді осы кәсіптен тауып отырған жайымыз бар. Ең бастысы тапсырыс берген әр клиент жұмысымызға риза болып жатыр. Мен үшін ең бастысы – осы. Барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Ал, сапалы қызмет қашанда клиент шақырады», дейді бізбен әңгімесінде Салтанат ханым.

«Өз кәсібіңізге көңіліңіз тола ма?», — деп сұрағанбыз кейіпкерімізден.

«Әрине өз кәсібімді өте жақсы көремін, көңілім де толады. Өзім тігін тігу, сурет салу, ою-өрнек салу деген істерді бала күнімнен жақсы көруші едім. Дизайнер боламын деп армандадым. Аллаға шүкір қазір сол ниетіме жеттім десем де болады. Жасап жатқан жұмыстарымнан ләззат аламын. Әр күн сайын осы кәсіптен күш-қуат аламын, еш шаршамаймын. Болашақта үлкен фабрика ашсам деген мақсатым бар. Осы мақсатқа жету үшін алда көп жұмыс-жоспарларым бар. Ал кәсіп бастағысы келетін жандарға айтарым, ешқашан кәсіп бастаудан қорықпау керек, өзіңе сенім болу керек, бастысы қайтпас табандылық керек деп айтар едім. Кәсіп майданында сан мәрте жығылып-тұрып, құлаған сайын шыңдалып, әрдайым шайқасқа дайын болып, піседі екенсің. Жалпы, өзіңе ұнаған іспен шұғылдансаң, отбасың, еліңнің дамуына титтей болса да үлес қоса алсаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алғаның деп білемін. Бақыт деген осы емес пе? Мен үшін бұдан артық бақыт жоқ», — дейді ол.

«Шебердің қолы ортақ», деуші еді дана халқымыз. Біз, көз майын тауысып іс тігіп, көптің көңілінен шықсам, сапалы қызмет көрсетсем деген шебердің кәсібіне береке тілеп, жоба жоспарларының жүзеге асуына ниеттестігімізді білдірдік.