Инклюзивті білім берудің ерекшелігі қандай?

69

Инклюзивті білім беру – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беретін  мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады.  Инклюзивті оқыту-даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты дамыған балалармен бірге әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы жеңілдетілген оқыту жүйесі. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасын қамтамасыз ету, сонымен қатар оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастырудың идеологиясы жатыр. Тәжірибе көрсеткендей қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалып жатады. Мұндай қалыптасқан жүйе баланың даралық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкншілігін қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеттеріне: білім бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау және жеке адамның шығармашылық рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілікпен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы парасатты байыту» деп атап көрсеткен. Осыған байланысты қоғам алдына оқушының жеке басын үйлесімді дамытуа бағыттайтын міндеттер қойылып отыр.Білім беру жүйесінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға айрықша орын бөлінген. Бұл балаларға қатысты біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік ақталуы мен бейімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету қажеттілігі мақалада айтылған.

Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз — барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.