Мүгедектердің құқықтары дегенде бірден олардың материалдық, тұрмыстық жағдайы еске түседі

62

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіліп жатқандығы туралы мәліметтерді ұсынамыз. Мемлекет тарапынан мүгедектерге көмек көп жағдайда жәрдемақы беру мен зейнетақы тағайындаумен ғана шектеледі. Баспана беру жолдары нақты шешілмеген. Заңында мүгедектер жергілікті әкімшілік тарапынан есепке қойылады, тұрғынжай беріледі дегенмен, бұл норма кемтарлар үшін кепілдік болып табылмайды. Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы 2005 жылғы 13 сәуірдегі №39 ҚР заңында шикіліктер аз емес. Ондағы мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы 26-бапта: «Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғынжай бередi; 2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнайы құралдармен және жабдықпен жабдықтауды қамтамасыз етедi» деп көрсетілген. Парламентке ұсыныс: І немесе ІІ топтағы мүгедектікке шалдыққан адамды, үй-жайы жоқ болса 30 күн ішінде арнайы есепке алып, үй-жаймен қамтып, оларды психологиялық жағынан да қолдау қажет. Және үймен қамтамасыз ету заңда көрсетілген жергілікті әкімшілік бюджеті тарапынан емес, республикалық бюджет есебінен шешілуі тиіс. Бұл ойдың төркіні, жергілікті әкімдік бюджетте үй сатып алатын ақша жоқ деген сылтаумен мүгедектерді үймен қамтамасыз ету жағдайының шешілуін созбалаңға салады.

Мүгедектер өздерін қоғамдық қатынастардың толыққанды мүшесі ретінде сезіну үшін оларға көшеде жүруі, үйге кіруі үшін пандус жолын жасаумен немесе зейнетақы тағайындаумен ғана шектелмей, өмірге ынталандыру үшін кәсіппен айналысуына, білім алуына, спортпен шұғылдануына, емханада емделуіне мемлекетпен кепілдендіріліп, қолдарына арнайы карта берілуі тиіс. Заң нормаларында мүгедектер статусы туралы арнайы жеңілдіктер нақты бекітілуі керек.