Биыл Шымкентте 113 құрылыс жобасы іске асырылуда

296

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық құрылыс басқармасының жарты жылдық есебін тыңдады.

Басқарма тарапынан биылғы жылы 113 құрылыс жобасы іске асырылуда. Мекеме қызметінің тиімділігін бағалау 8 мақсатты көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

Оның ішінде ең негізгі индикатор – жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы аумағын 1 млн. шаршы метрге жеткізу. Жаңадан салынып жатқан баспаналардың ішінде 570 мың шаршы метрі – көп қабатты тұрғын үйлер болса, 430 мың м2 – жеке тұрғын үйлердің үлесінде. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр Шымкент қаласы аумағында жеке және көпқабатты тұрғын үйлер санатынан 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бірінші жартыжылдықта 276,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға артқан. Айта кету керек, құрылыс алаңдарында бірінші жартыжылдықта негізінен жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс қарқыны жылдың екінші жартысынан бастап артады.

Тұрғын үй құрылысының барысымен мұқият танысқан қала әкімі М.Әйтенов атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалауды ұтымды ұйымдастыру керектігіне назар аударды. Бұл бағытта жаңа технологияларды қолданып, салынып жатқан нысандарға онлайн режимде трансляцияға жасауға мүмкіндігі бар камералар қоюға болатынын атап өтті. Тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы осылайша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын күнделікті бақылап, өндірістік кестенің сақталуына кепіл болмақ. Құрылыс нысандарымен тікелей эфирде байланыса отырып, жұмыс жиындарын да өткізуге болатынын атап өтті.