ЖОСПАРЛЫ ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

49

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі аппараты, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай өткен жеті айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы баяндама жасады.

Мұнан соң пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Біржан Әшір хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы атап өтті. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 611 787 га жерді құрайды. Оның ішінде суармалы жер — 44 281 га, жайылымдық — 565 858 га, елді мекеннің ортақ мал жайылымы — 22 465 га. Аймақта пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтару бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, аудан көлемінде жеті айдың қорытындысымен 5167,35 гектар жайылымдық және суармалы жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.

Жиын барысында аудан басшысы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жеделдетіп, оларды ауыл шаруашылығы айналымына тартуды қамтамасыз етуі қажеттігін айтып, жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұраділ Кизбаев хабарлама жасап, аудан әкімімен берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы берілген жоспарлы тапсырмалардың орындалуы жеке бақылауында екенін ескертіп, ауылдық округі әкімдері мен мекеме, бөлім басшыларына нәтижелі жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.