Болашаққа бағдар – ұлт мұратының өзегі

63

Президент Жолдауында – ел дамуындағы басым бағыттарға ден қойылып, жаңалық-жетістіктер атап-түстелумен  бірге қоғамда орын алған артық-кем тұстарға, маңыз-мәні жоғары өзекті жайттарға жіті назар аударылады. Бастысы, ел экономикасындағы өсім, заң мен тәртіп жүйесі, қоғамдық оптимизмнің сыр-сипаттары  кең түрде айқындалады.

Президент Жолдауының басым бағыты, құрамдас бөлігі – ел дамуы мен оның негізгі ұстанымын жүзеге асыратын білікті мамандардың қажеттілігі, оны халықаралық білім беру кеңістігімен сабақтастық Һәм ықпалдастық аясында шешуге болатындығы кең түрде қозғалып, мәнді қыры, тиімді тұстары жіті назарға алынады. Бұл бағытта қазірдің өзінде шетелдің 23 жоғары оқу орны жұмыс істейтіндігі, білім бағдарламалары заманауи талаптарға сай келетіндігі, бөлінген гранттың сапалы оқытуға мол мүмкіндіктер  беретіні, қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру ісі негізгі назарға алынып, қажеттілігі мен өзектілігі заман талабы, уақыт рухымен берік байланыста көрсетіліп, жүйелі жеткізіледі. Бұл бағыттар – техникалық Һәм кәсіптік білім беру саласын да қамтып, оның өзіне білікті кадрлар дайындау ісінде реформа жасаудың қажеттілігі барын нақтылы көрсетеді. Осы орайда, 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланып, жауапкершілік пен еңбекқорлық,  біліктілік пен кәсібилік сынды қасиеттер айрықша аталады. Орта білім, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ісі, заманауи мектептер жүйесі де осы бағыттар аясында жан-жақты көрініс тауып, нақтылы мысал-дереккөздерімен байытылып, байыпты сөз етіледі. Осының негізінде — «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты», — деген қорытынды жасалады. 

Жолдауда денсаулық сақтау  мен бұқаралық спортты дамыту жүйесі де қазіргі кезеңнің көп көңіл бөлетін, басты назарға алатын салалары ретінде орынды сөз болады. Анығында, аталған жайттардың ел дамуы мен экономикалық өсімге, адам факторын бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан қалыптастыру ісінде маңыз-мәні де, әсер-ықпалы да мол. Атап айтсақ, мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ісі, орта мектеп пен жоғары мектеп жүйесіндегі білім беру, байыпты бағдарлама мен білікті ұстаздың орын-үлесі қашанда маңызды болып табылады.Жасыратыны жоқ, жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелді болуы, оқушы Һәм студент жастардың оқу үдерісі бәсеңдеп, өз ара қарым-қатнасында, ауызша сөйлеуі мен жазу мәдениетінде айтарлықтай олқылықтар көп-ақ. Оқу мен жазу, сөйлеу ісінде алшақтық анық аңғарылады. Ауыл мен қала арасында, базар мен аялдамадағы «қызғылықты көріністердің» бастысы осы. Оны әркім-ақ көріп-біліп жүр. Көбінде, колледж, педагогикалық мамандықты бітірген түлектер – бағыттары бойынша бірден жұмысқа тұрмайды. Кәсіби біліктілік, еңбек өтілі, тәжірибе жоқ. Бұдан байқалатыны белгілі көрініс, қалада қалып қояды. Екі қолға – бір жұмыс,-деп көш соңында жүріп алады. Бәріне бірдей салалық министрлік бөлген гранттар жете бермейді. Оның үстіне, магистратура мен докторантураның есігі бәріне бірдей айқара ашық емесі анық. Тіпті, түскеннен кейін-ақ басты кедергі — Scopus және Web of Science журналына мақала шығару күн тәртібіне еніп, басты міндетке айналады. Еңбегіңіз дайын болса да, Scopusта мақалаңыз басылмаса, қатардағы көптің бірі болып жүре бересіз. Алынбас қамал, игерілмеген тыңның бірі осы. Бұл «әннің» тұрақты айтылып, жиі орындалып келе жатқанына  да екінші онжылдықтың жүзі болды. Тіпті жас ғалымдардың ақыл-ойын матап, түн ұйқысын бөліп, түстеріне еніп, «қол жетпес» асыл арманына да айналды. Жас ғалымдардың басындағы «қара бұлт» сейілсе, Scopus және Web of Science журналына мақала шығару талабы алынып тасталса, біліми-ғылыми бағыттарға жаңа жол, кең өріс ашылар еді. Жас ғалымдардың маңдайы жарқырап, өзгелерден бәсі биік болары анық. Әрі қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы білім алушылар мен ізденушілердің қатары артып, арман-аңсарлары мен талап-тілектеріне оң қадам жасалар еді. Жұрт аузында жүрген алып-қашпа сөздерге де нүкте қойылып, біліми-ғылыми кеңістік айқара ашылып, ізденіс іздеріне деген құштарлық пен сүйіспеншілік еселеп артып, жас ғалымдардың жұлдызы жарқырары анық. 

 

                                                             Рақымжан ТҰРЫСБЕК, 

профессор