ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ СОЛ ҚОҒАМНЫҢ ҚАРТ АДАМДАРҒА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан орталығында орналасқан «Отырар спорт клубы» мекемесінің бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жоспарларымен танысты.
Аудандағы спорт түрлерін дамыту, спорттық-бұқаралық спорттық жарыстардың, спартакиадалардың оқу жаттығу жиындарын және басқа да дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын қаржыландыруды жүзеге асыратын мекемеде 7 спорт маманы, 7 жаттықтырушы, 13 нұсқаушы қызмет етеді. Спорт клуб директоры Жұмабай Сәрсенбаев аудан спортшыларының жетістіктері туралы айтып өтіп, жабық спорт жайын салу туралы ұсынысын жеткізді.
Аудан басшысы аудан жастарын спортпен айналысуға тарту, аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыру керектігін жеткізіп, айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты заңдылығына қарай тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Аудан әкімі одан әрі аудан орталығындағы «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, ардагерлермен кездесті.
2022 жылы ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының негізгі қызметі белсенді және салауатты өмір салтын жақсарту, зейнет жасындағы ардагерлердің қоғамға деген белсенділігін арттыру, зияткерлік қоғамдық, шығармашылық өмірге тарту болып табылады. Орталықта әлеуметтік-медициналық, психологиялық, мәдени-құқықтық, демалыс және ағартушылық, еңбек қызметтері көрсетіледі.
Кездесуде ардагерлер бір сәт бас қосып, қажетті әлеуметтік қызметтерді алу үшін баратын орынға айналған орталықтың жұмысына көңілі толатынын айтып, зейнеткерлерге осындай жағдай жасап жатқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Аудан әкімі қоғамның дамуы сол қоғамның қарт адамдарға қарым-қатынасымен өлшенетінін айта келе, рухани құндылықтарымызды, ел бірлігін, діни татулық пен тұрақтылықты аудан тұрғындары арасында насихаттауда ардагерлердің еңбегі өлшеусіз екенін айтып өтті.