Түркістан жастары ңшімдік пен темекіге әуес болмау үшін не істеуі керек?
Түркістан жастарының ішімдік пен темекіге әуестігін болдырмау мақсатында қолданылатын шараларды зерттеу маңызды мәселе болып табылады. Ішімдік пен темекіге тәуелділік – жаһандық мәселе, ал Қазақстанда да бұл үрдіс өзекті. Жастар арасында ішімдік пен темекіге әуестік көбіне қоршаған ортаға бейімделу, достарға еліктеу, қызығушылық және стресс сияқты факторлардың әсерінен туындайды. Түркістан өңірінде жастардың көпшілігі бос уақытын өткізудің шектеулі мүмкіндіктеріне тап болып, темекі мен ішімдікке жүгінуі мүмкін.Жастардың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Жас ұрпақтың физикалық және психикалық тұрғыдан сау болуы оның еліміздің дамуына қосар үлесін арттырады. Алайда қазіргі таңда Түркістан жастарының арасында ішімдік пен темекі сияқты зиянды әдеттерге бой алдыру мәселесі бар. Бұл әдеттер жастардың денсаулығына ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтену процесіне де теріс әсер етеді. Ішімдік пен темекі адам денсаулығына орасан зиян келтіреді. Олар жүрек-қан тамырлары аурулары, тыныс алу жүйесінің бұзылуы, бауыр мен бүйрек функцияларының нашарлауына алып келеді. Сонымен қатар, бұл әдеттер қоғамда қылмыс деңгейінің артуына, әлеуметтік мәселелердің күрделенуіне себеп болады.
Жастардың зиянды әдеттерден аулақ болуында отбасы тәрбиесі шешуші рөл атқарады. Балалық шақтан дұрыс құндылықтарды бойға сіңіру, отбасындағы жағымды атмосфера және ата-ананың үлгі болуы темекі мен ішімдіктен алшақ жүруге ықпал етеді. Мектептер мен университеттерде жастарды ішімдік пен темекінің зияны туралы ақпараттандыру маңызды. Арнайы дәрістер, тренингтер, және профилактикалық бағдарламалар арқылы жастарға зиянды әдеттердің зардабы мен денсаулыққа әсері туралы мәлімет беру қажет. Жастар көп жағдайда достарының мінез-құлқын еліктейді. Сондықтан, зиянды әдеттерге бейімделген жастардан алшақ болу және салауатты өмір салтын ұстанатын орта құру маңызды. Айта кетейік, алкоголь мен темекі өнімдерін жарнамалауға қатысты Қазақстанда қатаң шектеулер енгізілген. Мысалы, бұл өнімдерді БАҚ арқылы жарнамалауға толық тыйым салынған. Бұл шара әсіресе жастар арасында алкоголь мен темекіге деген қызығушылықты төмендетуге бағытталған, өйткені жарнама арқылы зиянды өнімдер танымалдыққа ие болады. Қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу да маңызды шаралардың бірі. Қоғамдық көліктерде, мекемелерде, саябақтар мен демалыс орындарында шылым шегуге шектеу қойылып, арнайы белгіленген орындарда ғана шегуге рұқсат беріледі. Бұл тыйымдар қоғамның денсаулығын қорғауға, әсіресе балалар мен шылым шекпейтін адамдарды зиянды түтіннен сақтауға бағытталған. Шылым шегуге арналған арнайы орындардың болуы да шекпейтін адамдарды қорғауға мүмкіндік береді, ал бұл қоғамда салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды бөлігі саналады.
Халықтың зиянды әдеттерден арылуы үшін ақпараттық-насихаттық жұмыстардың рөлі зор. Қазақстанда мектептер мен университеттерде зиянды әдеттердің денсаулыққа тигізетін зияны туралы арнайы лекциялар мен семинарлар өткізіледі. Жастарға темекі шегу мен алкоголь ішудің зияны түсіндіріледі, бұл әсіресе мектеп жасындағы балалар мен студенттер үшін маңызды. Денсаулық сақтау саласында да үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде. Арнайы бейнероликтер, жарнамалар, әлеуметтік желілер арқылы халыққа темекі мен алкогольден келетін зиян туралы ақпарат таратылады. Бұл ақпараттық шаралар адамдардың салауатты өмір салтын таңдауына ықпал етеді. Сонымен қатар, алкоголь және темекіге тәуелді адамдарға арнайы медициналық көмек көрсету жүйесі де маңызды рөл атқарады. Қазақстанда шылым шегуді тастауға және алкогольге тәуелділіктен арылуға бағытталған бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалар аясында тегін кеңес беру қызметтері, психологиялық қолдау және емдеу ұсынылады. Әсіресе, мемлекеттік емханаларда арнайы орталықтар ашылып, халыққа қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, психологиялық көмек көрсететін мамандардың болуы да адамдардың зиянды әдеттерден арылуына септігін тигізеді.
Мемлекет тарапынан алкоголь және темекі өнімдерін қолжетімділігін шектеу, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу, ішімдік пен темекіні насихаттауды қатаң бақылау сияқты шаралар жастар арасында бұл әдеттердің таралуын тежей алады. Сонымен қатар, спорттық іс-шараларды жиі өткізу және жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасау да маңызды. Қазақстан халықаралық деңгейде де алкоголь мен темекіге қарсы күрес шараларына белсене қатысады. Мысалы, ел Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) темекі шегуге қарсы күрес туралы конвенциясына қол қойды. Бұл құжат темекі өнімдерін тұтынуды азайтуға және шылым шегуге қарсы заңнамалық шараларды күшейтуге бағытталған. Халықаралық тәжірибелерді қолдану, басқа елдердің тиімді шараларын енгізу Қазақстанның бұл бағыттағы жұмысын күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, алкоголь және шылым шегуге қарсы шаралар Қазақстанда халық денсаулығын сақтау мақсатында жан-жақты жүзеге асырылып жатыр. Заңнамалық шектеулер, экономикалық ынталандырулар, түсіндіру жұмыстарымен қатар, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының болуы — осы зиянды әдеттермен күрестегі маңызды қадамдар болып табылады.
Сарапшылардың айтуынша, алкогольдік ішімдік пен темекіге тәуелділік – Қазақстандағы әлеуметтік мәселелер мен қылмыстық жағдайларға тікелей әсер ететін факторлар. Соған орай, Қазақстанда аталған зиянды әдеттерге тәуелді азаматтарды емдеу қызметі тегін көрсетіледі. Дегенмен, бұл қызметке өз еркімен жүгінетіндер аз. Қазір адамзатты осы маскүнемдік пен есірткі, құмар ойын құртып бара жатыр. Оның алдын алмасақ, осы әдеттерді қойдырмасақ, бұл індеттер тұтас ұлттар мен халықтардың түбіне жетеді. Адамдар азғындайды. Ішімдік пен жаман әдеттерге құмарлықтың алдын алу үшін қазір мемлекет те, қоғам да, жекелеген адамдардың тобы да бірігуге мәжбүр екенін түсініп отырмыз. Еліміз темекімен күрес аясында оның жарнамасына тыйым салған. Дегенмен дүкен сөрелерінде темекі нің көзге түсетін жерлерге қойылуы да насихаттың бір түрі. Жаңа кодекс темекі өнімдерін сату мәселесін де реттейді. Атап айтқанда, оқу орындарынан 100 метр радиустан аз қашықтықта орналасқан дүкендерде темекі сатуға тыйым салынады. Түркістан жастарының ішімдік пен темекіге әуестігін болдырмау үшін кешенді шаралар қолдану қажет. Оған отбасылық тәрбие, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдар белсенді атсалысып, жастарға салауатты өмір салтының маңыздылығын түсіндіруі тиіс. Жастардың ішімдік пен темекіге әуестігі – тек жеке адамның мәселесі емес, ол бүкіл қоғамға әсер ететін маңызды әлеуметтік проблема.