Елімізде ішімдік мәселесі басты назарда
Ішімдік – қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі. Ол жеке адамдардың ғана емес, тұтас отбасылардың да тағдырын тәлкекке салады. Әрине, ішімдік мәселесі тек қазіргі заманның мәселесі емес. Алайда бүгінгі күнде оның отбасылық өмірге тигізетін кері әсері бұрынғыдан да айқын сезіле бастады. Осы мәселенің маңыздылығын Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Отбасы – қоғамның ең маңызды құрылымы. Алайда ішімдік осы қасиетті байланыстарды үзіп, адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды бұзады. Көптеген жағдайда ішімдікке тәуелділік жұбайлардың арасында түсініспеушілік тудырады. Бір тараптың ішімдікке әуестігі екінші тарапты шаршатып, стресске ұшыратады, бұл ұрыс-керіс, ажырасуларға әкеледі. Сонымен қатар, ата-аналары ішімдікке салынып кеткен отбасыларда балалар да зардап шегеді. Балалардың психикасы бұзылып, олар үйде тыныштық таппай, сырттан жұбаныш іздейді, кейде қылмыстық жолға түсуге мәжбүр болады. Бүгінде дүкендерде сатылып жатқан ішімдіктердің кесірінен қайғылы оқиғалар, оның тигізген зияны мен салдары үлкен қала, аудан, ауылдардың барлығында ізі сайрап жатыр. Өзіміздің туып өскен ауылда да қаншама ішімдіктің салдарынан болған қайғылы оқиғаларға куә болдық. Ертенгі күніне үмітпен қарап отырған, әкеден жалғыз ұлдың қайғылы қасіреті. Жаққан отының сөнгеніне сене алмаған әке мен шешенің жылағанда етегі жасқа толғанын. Үйдің асыраушысы, тірегі, камқоршысы, асқар тау әкенің қазаға ұшырап, жастайынан жесір қалған әйел мен ештеңеден хабары жоқ жетім қалған бүлдіршіндер. Ішімдіктің салдарынан отбасындағы ұрыс-керіс, аяғы ажырасуға апарып жатқан оқиғалар, балалардың тәрбиесіне тигізіп жатқан кері әсері, айта берсе көп.
Арақтың кесірінен қоғамда суицид, адам өлтіру, зорлау, ұрлық, жолдағы көлік апаттары, сондай-ақ отбасындағы жанжалдар, соның салдарынан ажырасулар болуда. Бала тәрбиесіне нұқсан келеді, атап айтқанда балада өзін-өзі бағалау төмен, қарым-қатынас жасау қабілеті нашар, жеке өмірін құруы қиын болады. Балалық шақта депрессия, фобия, үрейдің болуы бала денсаулығына зиян, тіпті толыққанды тұлға болуында психологиялық кедергілер көп. Мәселені одан әрі ушықтыратын тағы бір жайт – ішімдікті шектен тыс пайдалану денсаулыққа да зиян келтіреді. Маскүнемдік отбасындағы жұмысқа жарамсыздық, денсаулықтың күрт нашарлауы, агрессия мен жауапкершіліктен жалтару секілді көптеген қиындықтарды туындатады. Соның салдарынан отбасының қаржылық жағдайы нашарлап, балалардың қажеттіліктері еленбей қалады. Көптеген отбасы осындай қиындықтардың кесірінен кедейлікке ұрынады. Осы ретте бұл дерттен қалай құтылуға болады, емдеу жолдары бар ма?- деген сұрақтың туындауы заңды. Ең алдымен, психодинамикалық ем ұсынылады. Мұнда ішкі қарама-қайшылықтың себептерін ашуға талпынылады, олардың өмірін өзгертуге көмектесуге тырысылады. Екінші кезекте мінез-құлықтық терапия қолданылады. Сценалар құру арқылы: стақан ішінде қалқып жүрген құрттарды көріп, пациент жүрегі айнып, аузына жаман иіс келіп тұрғанын сезінгендіктен, еш уақытта ішпеуге бағыт ұсталады. Үшінші, арнайы бағдарламалар құрылып, онда өзіне-өзі көмектесу және емдеу орталығына көріну ұсынылады.
Айта кетейік, маскүнемдер қанағаттану дефициті синдромына шалдыққандықтан ішеді. Тіршіліктегі әсем әуен, тамылжыған күй, музыка; қадірлейтін, қастерлейтін, жаныңа жақын аяулы адамдарыңды қатты құшақтау, «болар елдің баласы, бірін-бірі батырым» дейді демекші, мадақтау да қанағаттану күйін тудыратындығын естен шығармауымыз керек. Осыдан шығатын қорытынды, қоғамдағы сауда орындарында еркін сатылымдағы ішімдікті қатаң бақылауға алу қажет. Мысалы, колледж студенттеріне сараптама жүргізілген, сауалнамада олардың 40 пайызы ішімдік ішуді оқудағы проблемасымен байланыстырады, сондай-ақ мұғалімдермен қарым-қатынасы дұрыс жолға қойылмағандықтан, үйде бақылаудың болмауы, теріс ықпал ететін ортаға түсіп кету, соларға еліктеу және оқуда алған «екіліктерге» көңілі толмаудан да туындайды. Арақты ерте бастағандар, яғни 15 жастан бастағандар екі есе көп ішуге тәуелді, ал 21 жастан бастағандар ерік-жігерінің арқасында әзәзілмен күресе отырып, олардың төрт есеге жуығы бас тарта алатындығы айқындалған. Ішімдікке тәуелділіктен құтылудың жолдары бар ма? Әрине, бар. Біріншіден, қоғамдағы ішімдікке деген көзқарасты өзгерту қажет. Оны әдеттегі өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдамау, керісінше, зиянды әдет екенін ашық айту керек. Сонымен қатар, отбасы мүшелері бір-біріне қолдау көрсетіп, проблемаларды ашық талқылап, психолог мамандардың көмегіне жүгінуі маңызды. Білікті мамандарға жүгіну және емделу отбасылық дағдарыстарды шешудің бір жолы болуы мүмкін. Ішімдік – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл отбасының мәселесі. Сондықтан, ішімдіктің зиянын түсіну және оны жеңуге бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Әр отбасы өзінің амандығын, бақытын қорғап қалу үшін осы мәселеге ерекше назар аударуы тиіс.
Қаншама адамдар осы ішімдіктің салдарынан өмірдің негізгі құндылықтарын жоғалтып, өмірлерін өз қолдарымен құрдымға жіберіп, қайта шыға алмайтын тұңғиыққа батырып жатыр. «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деген. Не отбасы жоқ. Не үйіне келгенде әкешім деп жүгіріп келіп мойнына асылатын перзенттері жоқ. Тамағын пісіріп, күлімдеп қарсы алып, үйінің берекесін кіргізіп отыратын жары жоқ. Не қасында көмек қолын созатын досы ағайын туысы жоқ жападан жалғыз ішімдікпен сырлас дос болып ақыр соныңда мәні мен мағынасы жоқ өмірінің соны жалғыздықпен өтіп жатқан адамдарды көргенде ет жүрегін езіледі. «Ел боламын десен бесігінді түзе» дейді дана қазақ халқы. Отбасы ол ұлттың қалыптасуына алғы шарт болып табылатын алғашқы институт. Отбасынан жақсы тәрбие алып шыққан бала, өзінің бағыт-бағдарын айқындап нық қадаммен өмірдің ағымына қарсы жүзе алатын, өзіне сенімді еліне пайдасы тиетін, ұлттың қамын ойлайтын үлкен тұлға болып қалыптасады. Кейбір ата-ана өз перзенттерінің болашақ өміріне немқұрайлы қарайтыны соншалық, өзі үйде отырып, балаларын ішімдікке жұмсайды. Адал дастарханына ішімдікті қойып қойып балаларының көзінше ішіп отырады. Сөйтіп балалардың бойын жас кезінен ішімдікке үйретіп, бала үшін бір қарапайым күнделікті қолданатын бір сусын сияқты бойына сініп қалыптасып қалады. Сосын ата-ана болашақта перзентінің қызығын емес, қасіретке толы пейнетін өле өлгенше зардабын тартады. «Қызың арақ ішсе қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе ырысыңның кеткені» деген мақалдың мағынасына терең үніле білген адамға, үлкен мән мағына жатқаның түсінер еді.