«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында қолға алынған іс көп
Түркістан қаласының тұрғындарының назарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жүйелі жұмыстар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Конституцияның 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті және республика азаматтары заңда белгіленген тәртіппен қызмет атқарады» делінген. Мемлекетіміздің азаматтары ел Конституциясын сақтауға жауапкершілікпен қарағаны қажет. Әрбір азамат «Отан қорғау» деген сөздің мағынасын түсінуге тиіс, ал елімізді кім және не үшін қорғауы керек?! Бірінші, шекара қызметінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынатын шекара қызметінің әскери қызметшілері қызмет етеді және күзетеді. Олар шекараны қорғауға баса назар аударады. Екінші, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің алдын алады. Сондай-ақ төтенше жағдай бола қалған жағдайда құтқарушылар жедел әрекетке көшеді. Жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамның құқы мен бостандығын қорғау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы — Қазақстан Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін құқық қорғау функциялары бар әскери құралым. Негізінен, ІІМ объектілерді күзету және қоғамдық орындарда тәртіп сақтау үшін қызмет істейді. Үшінші, мемлекетімізді қорғаудың негізгі күші – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. Қарулы күштер құрылған кезден бастап алға жылжыды, мұнда жауынгерлік дайындық жоғары деңгейде. Халықаралық ауқымдағы жаттығулар, әскери ойындар, жауынгерлік шеру, төтенше жағдай кезінде көмек көрсетіп жүрген қарулы күштер, әскери қызметшілер өздерін қиын-қыстау кезеңде кәсіби тұрғыдан дәлелдеді.
Жалпы, Отанымызды қауіпсіз елге жатқызуға әбден болады. Мемлекеттің маңызды тетігінің бірі – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері екені мәлім. Әлемдік геосаяси өзгерістерге байланысты, заманауи соғыстың түрлері бүгінгі таңда өзгеріп жатыр. Ұрыстың бүгінгі түріне мыңдаған сарбаз қатыспайды. Заманауи соғыс – арандату, бүлік жасау арқылы жүргізіледі. Ылаң салу, берекені қашырудан бөлек, экономикалық қысым, ақпаратты бұрмалау дейтін құралдар қосылады. Міне, қазақ елі мен әскері бүгінде осындай қауіп-қатерге төтеп бере алуы керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи әскер мемлекетіміздің берік қорғаны екенін жиі айтады. Әлбетте, тәуелсіз, егеменді ел болудың басты шарты – сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуына тікелей байланысты.
Біздің елдің азаматтары әр заманда да мықты сарбаз да, сардар да бола білген. Әскеріміздің әрқашан да рухы биік, намысы ояу, жігері зор болған. Ел тарихында ұлтымыздың сардарлары мен сарбаздары ешкімге есесін жібермеген. Мәселен, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ сарбаздары мен сардарлары отаншылдықтың озық үлгісін танытып, өзге ұлттың алдында еңсесі биік тұрған. Ауған соғысы майданының алғы шебінен қайсарлығы қанында бар қазақ жігіттері табылған. Кеңес одағы Қарулы күштерінің ең озық сарбаздары мен сардарлары қазақ жігіттері болған. Қазіргі әскерімізді де құрайтын сол үлкен буын ата-ағаларымыздың үлгісімен тәрбиеленген қайсар, батыл және айбынды ұрпақтары. Бүгінде Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттің күн тәртібінен түскен жоқ, түспейді де. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Tәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет» деп айтқаны бекер емес. Сондықтан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан ұлтымыздың маңызды идеологиялық тұжырымдамалары мен негізгі мемлекеттің бағыттары туралы ой-пішімдері, атап айтсақ: «Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң және тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Жасампаздық және жаңашылдық» негіздерін халқымыз (мемлекетіміз бен қоғамымыз) басшылыққа алса, еліміз әлемде лайықты орнын табады және еліміз қауіпсіз мемлекет ретінде де өркендей береді.
Қазақстан азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша 167 елдің ішінде 76- орынды иеленген. Бұл – жай ғана жалпылама баға. Шын мәніне келетін болсақ, әрине, ел халқының қауіпсіздігі күн тәртібінде тұр. Біздің Қарулы күштеріміз бен басқа да әскери құрамалардың құрылымдық бөлімшелері, жылына екі рет жоғары қолбасшы тарапынан жан-жақты тексеріліп және нақты бағаланып тұрады. Бұл – әскеріміздің жақсы үрдістерінің бірі. Сондықтан әрбір жауынгерлік бөлім жоғары баға алуға тырысады. Дайындыққа бар күшін салады. Өйткені олар үнемі жауапты жауынгерлік әзірлік деңгейінде болуға тиіс және барлық жауынгерлік әзірлік дәрежесін пысықтап отыруға міндетті. Тәуелсіз еліміздің айбынды әскерінің жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие. Әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, қазақ елінің армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде екінші орында тұр. Ел әскерінің халықаралық әскери сайыстарда жүлделі орын алуы, ең жаңа үлгідегі техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Десе де, әскердің айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар іс-шара аз емес. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, Тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бақытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек» дегені белгілі.