ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ КӨБЕЙЕДІ

6

Түркістан облысында мүгедектігі бар 99 296 адам есепте тұр. Оның 84 206 адам 18 жастан асқандар, 15 020-сы мүмкіндігі шектеулі балалар. Ал, әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық жағдайлардағы арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерін алуға құқылы 34 370 мүгедектігі бар адам тіркеуге алынған. Солардың 1349-ы жыл басынан бері аталған қызмет түрлерімен қамтылған.

 

Оңалту орталықтарының және әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты оңалту орталығында 14 мекеме қызмет көрсетеді. Оның төртеуі стацинарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Жартылай стационарлық үлгідегі 6 оңалту орталығы бар.

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында ересек мүгедектерге арналған 200 орынды оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Оған қоса ауданда өткен жылы құрылысы басталған 50 орынды тірек-қимылы бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы салынып жатыр.

Биыл облыс көлемінде «Аутизм орталығын» құру мәселесі қаралып, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Орталық күндізгі уақытта 3-18 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді деп жоспарлануда. Жоспарға сәйкес жалға алынған ғимаратта жөндеу жұмыстары аяқталған соң жаңа орталық құрылмақ. Орталық заманауи құрал-жабдықтар мен озық үлгідегі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы аутизм және басқа да ментальді ауытқуы бар балаларға қызмет көрсетеді.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, өңірде 236 727 зейнеткер тіршілік кешуде. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 6 573-і тыл ардагері, 229,4 мыңы зейнеткерлер, қалған 62,8 мыңы көпбалалы батыр аналар.

Сонымен қатар аға ұрпақты әлеуметтік қорғау мақсатында бейімдеуге және сауықтыруға арналған «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардагерлер үйінде» жыл сайын 8 мыңға жуық қария денсаулықтарын түзетеді. Қазіргі таңда зейнеткерлерге лайықты әлеуметтік қолдау көрсету үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында заманауи талаптарға сәйкестендірілген ғимарат салу көзделуде.

Өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап облыс әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильді орталығы» құрылып, облыстың 17 аудан, қаласында «Мансап орталықтары» жұмыс істей бастаған. Келесі жылдан бастап Мансап орталықтарының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылады.