Мектеп оқушыларына темекінің зиянын түсіндіру керек

9

Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалар арасында темекі шегудің таралуы – қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі. Жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер ететін бұл құбылыстың алдын алу – тек ата-аналар мен мұғалімдердің емес, тұтас қоғамның міндеті. Өйткені ерте жастан темекіге әуестену денсаулыққа ғана емес, жеке тұлғаның дамуына да үлкен зиян келтіреді. Осы мәселенің маңыздылығын Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру мақсатында төмендегі кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз.

Темекінің адам ағзасына тигізетін зиянды әсері ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оның құрамындағы никотин, шайыр және түрлі химиялық заттар тыныс алу жолдарын, өкпені зақымдайды, жүрек-қантамыр жүйесіне ауыртпалық түсіреді. Жасөспірімдер арасында темекі шегу әлі толық жетілмеген ағзаға үлкен соққы болып, көптеген аурулардың туындауына себепші болады. Әсіресе, жас өспірімдердің өкпесі мен тыныс алу жолдарына айтарлықтай зиян келіп, болашақта созылмалы ауруларға шалдығу қаупі жоғарылайды.Темекі шегудің психологиялық аспектілері де бар. Көп жағдайда жасөспірімдер темекі шегуді өз орталарында бедел жинаудың бір жолы ретінде көреді немесе қысымға ұшырап, темекіге құмар болады. Мұндай жағдайда балалардың темекі шегу себептерін түсіну және олармен дұрыс әңгімелесу өте маңызды. Оларға өз денсаулығы үшін жауапкершілікті сезіндіру және зиянды әдеттердің салдарын түсіндіру қажет.

Мектептерде темекінің зиянын түсіндіру жұмыстары жан-жақты және жүйелі түрде жүргізілуі керек. Арнайы сабақтар мен дәрістер ұйымдастырып, балаларға темекі шегудің зияны туралы ғылыми фактілер мен мысалдар келтіру маңызды. Сонымен қатар, нақты өмірден алынған мысалдар арқылы темекінің ұзақ мерзімді салдарын көрсету – жасөспірімдердің санасына әсер етудің тиімді жолдарының бірі. Баланың болашағына балта шауып жатқан электронды темекі кез келген дүкенде емін-еркін сатылуда. Қалтасының қампайғанын құп көретін саудагерлер өрімдей бала ақшаның шетін көрсетсе, темекінің кез келген түрін сатуға дайын. Онлайн сауданың тасы өрге домалап тұр. Үйдегі балаңыз төрде отырып-ақ қалаған электронды темекісін алдыра алады. Тіпті бұл құрылғыны үйге дейін жеткізіп беру тегін көрінеді. Кешке дейін жұмыста жүретін ата-ана баласының немен айналысқанын сұрамақ түгілі, бетіне қарауға уақыт таппайды. Баласы күндіз мектепке барса, кешкісін қолындағы смартфонымен «сөйлеседі». Өзіне қажеттің бәрін бір түймені басып-ақ басқара алады. Мемлекет тарапынан электронды темекіге қарсы заңдарды қатаңдату – бұл күрестің маңызды бөлігі. Балалар мен жасөспірімдерге темекі өнімдерін жарнамалауға, сатуға және пайдалануға шектеулер енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, электронды темекіде қолданылатын заттардың құрамын қадағалау мен бақылау үшін стандарттар белгіленуі қажет. Денсаулық сақтау саласында балалар мен жасөспірімдер арасында электронды темекіні пайдаланудың алдын алу бағдарламаларын дамыту қажет. Бұл бағдарламалар тек қана зиянды әдеттердің алдын алуды емес, сондай-ақ психологиялық қолдау көрсетуді де қамтуы керек. Медицина қызметкерлері балалармен жұмыс істеу барысында электронды темекіге тәуелділіктің белгілерін ерте анықтап, қажетті кеңес беруі тиіс.

Электронды темекінінің көмегімен темекіні пайдалануды тоқтату стратегиясын жүзеге асыратын кез келген үкімет тиісті клиникалық жағдайларды қамтамасыз ету үшін осындай өнімге қол жеткізу шарттарын бақылауы және осы өнімді дәрілік заттар ретінде реттеуі (дәрілік заттар ретінде сатуға сертификат алу қажеттілігін қоса алғанда) тиіс. Темекі шегуді тоқтату мақсатына жету туралы шешім, тіпті осындай бақыланатын шаралар арқылы да, темекіні тоқтатудың басқа дәлелденген стратегиялары қолданылғаннан кейін ұлттық жағдайларды, сондай-ақ өнімнің таралу қаупін ескере отырып қабылдануы керек.

Темекі өнеркәсібі денсаулыққа залал келтіруден пайда көреді және үкіметте саяси үстелге отыруға және денсаулық сақтау шараларынан бас тартуға ықпал етуге тырысып, өз өнімдерін жаңартады. Темекі компанияларының мұндай өнімдерден аз зиян келтіретін жалған ғылыми дәлелдерді жинауды және таратуды қаржыландыруы, сонымен бірге оларды балалар мен темекі шекпейтіндерге насихаттауы және темекіні миллиардтаған мөлшерде сатуды жалғастыруы ДДҰ тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр. Балалар мен жасөспірімдердің электронды темекіні пайдалануы және денсаулыққа зияны туралы деректердің өсіп келе жатқан көлемін ескере отырып, электронды темекінің таралуына қарсы қатаң шаралар қабылдау қажет. Электронды темекінің балалар арасында таралуын болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарынан бастап, заңнамалық және құқықтық реттеуді жетілдіру арқылы балаларды бұл зиянды әдеттен сақтауға болады. Әрбір ата-ана, мұғалім және қоғамның әрбір мүшесі балалардың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Электронды темекіге қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның барлық мүшелерінің ортақ жауапкершілігі.

Сондықтан шылымсыз қоғам құру денсаулықты қорғау мен өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы болып табылады. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін бірнеше тиімді жолдарды қарастыру қажет. Темекінің зиянын түсіндіру және оның салдары туралы халықты ақпараттандыру – шылымсыз қоғам құрудың алғашқы қадамдарының бірі. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында темекі шегудің зияны туралы дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізу керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде темекі шегудің денсаулыққа кері әсерлері туралы ақпараттық науқандар ұйымдастыру тиімді.

Тағы бір маңызды аспект – отбасындағы тәрбие мен ата-ананың үлгісі. Балалар ата-аналарының мінез-құлықтарын жиі қайталайды, сондықтан ата-аналар өздері зиянды әдеттерден бас тартып, балаларға дұрыс үлгі көрсетуі қажет. Сонымен қатар, ата-аналардың балалармен ашық сөйлесуі, оларды қолдауы және зиянды әдеттерге қарсы ақпарат беруі балаларды темекіден қорғаудың бір жолы болмақ. Мектеп оқушылары арасында темекінің зиянын түсіндіру – олардың болашағы үшін өте маңызды қадам. Денсаулық – адамның ең құнды байлығы, сондықтан жас ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру барлығымыздың ортақ міндетіміз.