АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

49

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде «Мансап» орталығының 10 айда атқарған жұмыстары мен күзгі әскерге шақыру іс-шараларының орындалуы туралы және өзге де өзекті мәселелер туралы жалпы 3 мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Мансап» орталығының директоры Ерболат Әбиев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Мұхтар Әуезұлы баяндама жасаса, аудандағы құрылыс жұмыстарының барысы, орталықтандырылған жылыту жүйелерінің жай-күйі, білім беру нысандарының жөндеу жұмыстары секілді бірқатар өзекті мәселелер бойынша аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Есінбек, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Нәлібай, аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаевтар хабарлама жасады.

Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, алда атқарылған жұмыстар пысықталды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, тапсырмалардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.