ТҮРКІСТАН: «ҰСТАЗ» ФИЛЬМІНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
Бүгін түркістандық педагогтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Ұстаз» фильмін тамашалады. Кинотуындының өңірдегі таныстырылымында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильм директоры Думан Алтынбекұлы, продюсері Әбіл Әділбек пен басты рөлді сомдаған актерлері сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы беделі жоғары екенін алға тартты.
– Бүгінгі таңда жаңа заманның талабы да күшейіп, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, білім беру жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Мақтанатын да тұстарымыз жоқ емес. «Ұстаз» фильмі осы ұлы мамандықтың қиындығы мен қызығы мол әр сәтіне терең үңілдіреді. Ұстаз есімінің ең ұлағатты, ең қадірлі мамандық екенін бүгінгі «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдеп өткендей. Шәкірт алдындағы аса жауапкершілік пен оларға білім мен тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардан тұратын мұғалім қызметін айна-қатесіз сипаттаған фильм облыстың барлық аудандарындағы педагогтарға көрсетілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясымен түсірілген фильмнің сценарийін марқұмның жары Гүлмира Зербай жазған. Туындыда өз ауылына қайтып ұстаздық ете бастаған мұғалімнің бастан кешкен оқиғалары баяндалды. Жас маман балалардың білімге деген құштарлығын ояту үшін түрлі тәсіл қолданады. Оқушыларды арман-мақсатқа жетуіне шабыттандырады.
Айта кетейік, фильмнің мақсаты – қоғамдағы педагог мәртебесін көтеру. Толықметражды кино бір айға жуық уақыт ішінде Жетісу облысында түсірілген.