МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЕСЕПТІ ЖИЫНЫ ҚАРАҚОҢЫР АУЫЛ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

31

Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлының кезекті есеп беру жиыны түс ауа Қарақоңыр ауыл округінде жалғасын тапты. «Amanat» партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, ауыл әкімі мен мекеме басшыларының және ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен жиында төраға 2024 жылы атқарған жұмыстары мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы баяндады. Ол өз сөзінде 2024 жылы аудандық мәслихаттың жалпы саны 12 сессиясы өтіп, 55 мәселе қаралғанын атап өтті.

Жалпы өткен жылы сессия жұмысында аудандық бюджетке 4 рет және ауылдық округтердің бюджеттеріне 3 рет өзгерістер енгізілген. Бұдан өзге де түрлі салалар бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұдан бөлек мәслихат төрағасы әр аптаның сәрсенбі күні азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, күні бүгінге дейін тіркелген 12 арыз-шағым тиісті салалары бойынша жауапты мекемелерге жолданған. Қалған ауыз су, көше, жарықтандыру, газ және басқа да жеке мәселелерге қатысты өтініштер қанағаттандырылған.

Бұған дейін ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бірнеше мәселе көтеріліп, төрағаның бақылауымен тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда Ш.Қалдаяқов ауылындағы Көктем, Әділет, А.Паржанов, А.Махатов, Ш.Қалдаяқов көшелеріне асфальт төселсе, Арыс елді мекеніндегі У.Ілясов көшесін орта жөндеу, Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі Қайнар көшесі мен Бестораңғыл елді мекеніндегі Д.Шырынбеков көшесін, Қостүйін елді мекеніндегі Әшірбеков, Ержанов көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кездесу барысында: «Алдағы уақытта сіздермен бірлесе отырып ауылдардағы өзекті мәселелердің шешімін табуына барынша күш салып, белсенді жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз», — деген төраға жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірін тыңдауға дайын екенін жеткізді.

Жиында Қ.Жаппаров, Ә.Сатыбалдиев, П.Рахманов, Б.Әбдешбеков, Ө.Тукешбаев, Ж.Айсейтов, Б.Жақыпбеков, Қ.Сақов, Н.Бектаева, Н.Махатовалар сөз алып, мектепке балаларды тасымалдайтын қоғамдық көлік берілсе, ауылдың ішіне арық тартып үйіргелік жерлерге ағын су жеткізуді, мектеп ауласындағы ұңғымадан ауыз су тарту жұмыстары жүргізілсе, Дүтбаев көшесіне аяқжол салу, көпірді жөндеу, көшелерді жарықтандыру және жол бойына тазалық жұмыстары жүргізілсе деген талап-тілектерін жеткізді.

Аудандық мәслихат төрағасы жиында көтерілген мәселелерді назарға алып, тиісті орындарға депутаттық сауал жолдайтынын атап өтті.

Жиын соңында ауыл тұрғындары халықпен кездесіп, тұрғындардың өтінішін тыңдап, тиісті жұмыстардың атқарылуына бақылау жүргізіп, кейбір мәселелерде өз тарапынан қолдау көрсетіп жүрген мәслихат төрағасына алғыстарын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы аталған ауыл округтеріндегі есеп беру кездесулері алдында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылармен кездесіп, қаржылай көмек көрсетті. Кездесу барысында ата-аналар қолдау көрсеткені үшін мәслихат төрағасына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.