ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАР САНЫ АЗАЙҒАН

18

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қылмыстардың және жол-көлік оқиғаларының деңгейі туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Е.Пралиев пен Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Б.Айтпаев баяндама жасады.

Кеден саласындағы құқық бұзушылықтар мен өзекті мәселелер туралы Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаменті, кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы С.Маликов, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Д.Сүлейменовтің есебі тыңдалса, пробация қызметі есебіндегілермен қайта қылмыстың алдын-алу шараларының тиімділігі мен оларға құқықтық әлеуметтік көмек көрсету туралы Түркістан облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының басшысы Н.Мықтыбаев, Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы С.Жұмағұлов, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева баяндама жасады. Сонымен бірге теміржол саласындағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік жағдайы да талқыланды. Бұл туралы Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Д.Орынбаевтың ұсыныстары қаралды. Облыс әкімі аталған мәселелерді бақылауда ұстап, тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.

– Қылмыстар деңгейі өскен аудан, қалаларда және қоғамдық орындарда рейдтік іс-шараларды күшейтіп, қылмыстардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында тиісті жұмыстарды жандандыру керек. Пробация есебінде тұрған азаматтардың қайта қылмысқа баруының алдын-алу бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, пробация есебінде тұрған азаматтарды толық жұмыспен қамту үшін тиісті жұмыстарды ширатуды тапсырамын, – деген Нұралхан Көшеров жауаптыларға «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» кеден бекетін қайта құру шараларын уақтылы аяқтау және «Жібек жолы» кеден бекетін толық жаңғырту бойынша жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар кеден бекеттерінде адамдар мен көліктердің ретсіз жиналуының алдын алу, импортталатын тауарларды декларациялау жұмыстарын қатаң бақылау, халықаралық жүк айналымы көлемін арттыру бойынша ұсыныстар енгізу, кеден бекеттері мен өткізу пункттеріндегі жолаушылар мен жүктердің қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мәселелері де айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысында қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны 3,5%-ға (5 453-тен 5 262-ге дейін) азайған. Аймақта қауіпсіздікті сақтау, елді мекендерді дамыту, азаматтардың құқығын қорғау, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі