ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ЧЕМПИОНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Жетісай ауданының спортсүйер азаматтары классикалық белбеу күресінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Әлем чемпионы Біржан Шаймерденге құрмет көрсетіп, ағайын-туыстары тұлпар мінгізді. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, алдағы дүбірлі додаларда жеңіс тіледі.
Аталған шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, чемпионның ағайын-туыстары мен ел ағалары қатысты.
Аудан басшысы ел намасын әлемде мойындатып жүрген чемпионға сәттілік тілеп, спортшы мен атасы Шаймерден ақсақалға сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, Шаймерден Біржан Ыдырысұлы 1996 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген.
Спорттық мансабында Біржан Ыдырысұлы 2015 жылы грек-рим күресінен ҚР универсиадасының қола жүлдегері, белбеу күресінен ҚР 7 дүркін чемпионы, 2020 жылы Иран елінің Тегеран қаласында өткен Иран ұлттық күресінен Әлем чемпионы, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен белбеу күресінен Гран-при турнирінің қола жүлдегері, Краснодар қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдегері, 2024 жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткен Белбеу күресі турнирінде Әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарының иегері. ҚР Спорт және Туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың жарлығымен өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі