ШЫМКЕНТТІҢ СОҢҒЫ 4 ЖЫЛДАҒЫ ДАМУ ДИНАМИКАСЫ ЖОҒАРЫ

289

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте қаланың мегаполис мәртебесін алғаннан бергі негізгі даму көрсеткіштері мен осы жылдың алты айлық қорытындысын баяндады.

Әкім соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскенін айтты.

 

«Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері  өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған.  Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді.  Сонымен бірге 2,6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд. теңгеден 573,7 млрд. теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылмен бірдей»,-деді М.Әйтенов.

 

М.ӘЙТЕНОВ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР – ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТУІ ТИІС

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осылай деген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» сәтті орындалып келетінін айтты.

«Биыл қаламызда «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25 пайызға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы

20 пайызға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25 пайызға өсті»,-деді қала әкімі.

Жалпы Шымкент қаласында 2022 жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23,3 пайызға өсіп, 216867 теңгені құрады.

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 5 КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент әкімі М.Әйтенов халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындары санын арттыру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді.

—              Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі  52,3 млрд. теңгені құрап, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды. Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді. Жоба құны 23,4 млрд. теңгені құрайды. Жаңадан 145 жұмыс орны ашылды. Онда жылына 500 млн. дана алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады, — деді ол.

Жалпы қаладағы 4 индустриялды аймақта 185,3 млрд.теңгеге130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.