ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 57 МЫҢ ТҰРҒЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
2022 жылы 57 мыңнан астам қала тұрғынын жұмыспен қамту шараларымен қамту көзделуде. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
– Жыл басынан бері 5 айда 22 мыңнан астам тұрғын еңбекпен қамту шараларымен қамтылды. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға жалпы 7,2 миллиард теңге қаралған. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар санын азайту, ол үшін тұрғындарды жұмыспен қамту – аса маңызды, – деді Мұрат Әйтенов.
Ал мүгедектігі бар тұрғындарды қолдауға бюджеттен 4,5 млрд теңге қаралған. 2021 жылы бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінген болатын.
«Бақытты жанұя» орталығында көп балалы
7 062 анаға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Нұрлан БЕКТАЕВ
МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «ШЫМКЕТТЕ БИЫЛ 51 ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ»
2021 жылы Шымкентте 1 млн шаршы метрден астам тұрғын жай ел игілігіне берілді. Ал биыл бұл межені 4,7 пайызға арттырып, пайдалануға берілетін баспана көлемін 1 млн 60 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
– Бюджет есебінен көп қабатты 51 үй пайдалануға тапсырылады деген жоспар бар. Бұл – жалпы 2 972 пәтер деген сөз. Оның ішінде 31 кредиттік, 20 арендалық үй бар, – деді қала әкімі.
Мегаполис басшысының айтуынша, баспана кезегінде тұрған, табысы аз азаматтарға құны 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған. Бұл мақсатта 500 млн теңге бөлінді.
Бұған қоса көп қабатты 18 үй жөнделуде. Ал тұрғын үй қорын басқарудың жаңа механизмдері – пәтер иелерінің бірлестігі мен жай серіктестікке өту көрсеткіші қалада 100 пайызды құрайды, деді әкім.
ШЫМКЕНТТЕ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНДЕ 50 КӘСІПОРЫН АШЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.
«Бұл кәсіпорындар жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады. Бүгінгі таңда аймақта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 50-ден астам ірі жоба іске аспақ. Оған 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді»,-деді әкім.
Бұдан бөлек, ел Презииденті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында тағы да бір «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118,9 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі