ЭЛЕКТР ЖӘНЕ ТАБИҒИ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ 2025 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ ШЕШІМІН ТАБАДЫ

262

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Қала әкімі шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасында инфрақұрылым жүйесімен қамту жұмыстарының барысына тоқталып өтті.

Шаһарда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы кезең-кезең бойынша жүргізілуде. «Бозарық» қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, электр қуаты мен табиғи газ тапшылығы шешілді.

– Бүгінде 8 елді мекенде электр энергиясы, 31 елді мекенде табиғи ғаздың сапасы жөнінде мәселелер бар. Биыл сапалы электрмен қамтуда 16, табиғи газ жүйесі бойынша 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде сапалы электрмен қамту көрсеткіші 99 пайызға, табиғи газбен қамту 94,7 %-ға өседі. Жалпы 2023 жылы ауыз сумен қамту, 2025 жылы электр қуаты және табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалады, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, биыл 19 кәріз жүйесінің құрылысы атқарылуда. Нәтиижесінде, кәрізбен қамту 54 %-дан 60 %-ға дейін ұлғаяды.

 

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА 22 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту екенін айтқан Шымкент әкімі М.Әйтенов халықты жұмыспен қамту шараларына 57 мыңнан астам адамды қатыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Осы жылы 5 айда 22 мыңнан астам адам қамтылды. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд.теңге қарастырылған.

«Тең қоғам» орталығында 1900 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 4,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды (2021 ж. 3,7 млрд.т).

«Бақытты жанұя» орталығында 7062 көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетілді.

 

БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға берілетінін мәлім етті.

«Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында  11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі, — деді М.Әйтенов.

Сонымен бірге, қалада заманауи  500 орындық  оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі