ШЫМКЕНТТЕ «БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ – 2025» БАҒДАРЛАМАСЫНА 13,3 МИЛЛИАРД ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН

240

Шымкент қаласында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд. теңге қарастырылып,  бүгінде 4,1 млрд. теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

–«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд. теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн.теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн. теңгеге 19 жоба қаржыландырылды, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Қала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн. теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн. теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген.

М.Әйтенов «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатқанына да тоқталып өтті. Онда 24 мыңнан астам  кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген.

 

МЕГАПОЛИСТЕ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫНЫҢ САНЫ АРТЫП, ҚЫЛМЫС АЗАЙҒАН

«Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өткен жылы жаңадан 3177 бейнебақылау камералары орнатылып, қала аумағын шолу 3 есеге артты. Биылда қосымша 1000 бейнебақылау камералары орнату көзделген», — деді М.Әйтенов брифинг барысында.

Сонымен бірге,халық  тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 9 мобильді полиция бекетін орнату жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 5 айда жалпы қылмыстардың саны 19,4 пайызға азайған.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ 5 АЙДА БАРЛЫҚ САЛАДА ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

2021 жыл Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі 2,6 трлн. теңгеден асты, экономикалық өсім 5,4 пайызды құрады.

Биылғы жылы алғашқы бес айда:

өнеркәсіп өнім көлемінің индексі 7,9 пайызға,

инвестиция көлемі 29,2 пайызға,

құрылыс жұмыстары  3,4 пайызға,

пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 44,5 пайызға,

бөлшек сауда көлемі 18,5 пайызға артты.

 

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

ИМПОРТ АЛМАСТЫРУШЫ ЕКІ ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ АШЫЛУЫ ЖОСПАРЛАНУДА

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов елордадағы орталық коммуникациялық қызметінде брифинг беріп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.

Мұрат Дүйсенбекұлы есепті кездесуде халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындарын көптеп ашу қажеттігіне тоқталды. Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық  жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі – 52,3 млрд. теңгені құрап, 1 000 астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды.

– Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді.  Жобаның құны 23,4 млрд. теңгені құрап, онда 145 жұмыс орны ашылды.  Жобалық қуаттылығы жылына 500 млн. дана алюминий банкілерін шығарады. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Әкімнің жоспарланған жобалардың ішінде қала экономикасына маңызды жобалардың бірі ретінде «Standard Steel KZ» ЖШС түсті металл концентраттарын алу зауытын да (мыс, қорғасын, цинк, алтын) атап өтті. Аталған жобаның құны 8,5 млрд. теңге,  жоба аясында 250 жаңа жұмыс орнын ашу қарастырылған. Қала басшысының айтуынша, бұл жоба шынымен де мегаполис үшін маңызды. Себебі бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясына оң әсерін тигізетін болады.

Жалпы, қаладағы 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд. теңгеге 130 жоба іске асырылып,  8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

М.Әйтенов есепті жиналыста жұмыс істеп тұрған 2 индустриалды аймақпен қоса тағы 2 индустриалды аймақ ашылатынын мәлімдеді. Оның біреуі Қазақстанда тұңғыш рет салынатын «Стандарт» жеке меншік индустриалды аймағы. Бұған қоса мегаполисте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» агроиндустриалды аймағы бой көтеретін болады. Баяндамада айтылғандай, алдағы бес жылда қала экономикасына 2,6 трлн инвестиция тартылмақ.