ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 13 ЖАЙЛЫ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛГЕН
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Олардың инженерлік инфрақұрылым жүйелері 100% тартылған. Былтыр осы жоба бойынша 13 мектеп тапсырылды. 2025 жылы 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 29 мектеп бой көтерді. Бірқатары тапсырылды. Ал қазір құрылысы жалғасып жатқан қалған мектептер уақтылы тапсырылуы тиіс. Жұмыс сапасын қадағалауда ұстаңыздар. Ол білім ұяларының директорларын тағайындау, ұйымдастыру жұмыстарын да қатар жүргізіңіздер. Бұл – білім сапасын көтеру бағытында жасалып жатқан маңызды жоба, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл құрылыс жұмыстарының барысын баяндады. 2025 жылы тапсырылатын 16 мектептің 12-сінің шатыры жабылып, ішкі әрлеу, инженерлік инфрақұрылым тарту және сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары 60% орындалған. Қалған 4 мектептің ғимаратының негізгі қаңқалары көтеріліп, шатыр жабу, сыртқы, әрлеу, ішкі сылақ, жұмыстары атқарылуда.