ТҰРҒЫН ҮЙ САПАСЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

13

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында қаладағы тұрғын үй мәселелері, құрылыс сапасы және орындаушылық тәртіпке қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Мәжілісте алғаш болып Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев баяндама жасап, арендалық тұрғын үйлерді жекешелендіру нәтижесін баяндады.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Тұрғын үй кезегіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 3026 азамат шығарылған. Соңғы 3 жылда 7136 адам тіркелсе, 3686 адам кезектен шығарылды.

Биыл тұрғын үйлерді жекешелендіру бойынша Заң 21 қаңтардан бастап күшіне енді. Енді мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз бір қатар санаттаға азаматтар ала алады.

Сондай-ақ, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерді басқару мәселесі талқыланды.

Жиында сонымен қатар, құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов Әкімшілік-іскерлік орталық аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайына қатысты баяндама жасады. Өз сөзінде ол құрылыстың сапасын арттыру, мерзімінде аяқтау және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бұл бағыттағы жұмыстардытұрақты бақылап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыстың сапасына ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.

Мәжілістің үшінші мәселесі – орындаушылық тәртіп туралы болды. Бұл жөнінде Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Ердәулет Төрехан баяндама жасап, мемлекеттік органдардағы тәртіп, тапсырмалардың орындалу мерзімі және құжат айналымын бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жиын соңында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Түркістан қаласының дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасатын болады.