АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Бүгін аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Берік Нышанбаевтың халық алдындағы есеп беру жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық ардагерлер мен қоғамдық кеңестердің төрағалары, ауыл әкімдері, аудан тұрғындары, Отырар АПБ бастығының орынбасарлары, салалық бөлімше басшылары және жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде «Түркістан облысы Отырар аудандық полиция бөлімінің 2024 жылдың 12 айы бойынша жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары және келешектегі басым міндеттер туралы», «Аудан көлемінде кең орын алып жатқан мал ұрлығы бойынша қоғамдық ой-пікірді білу, сонымен бірге тұрғылықты халықтың полицияға деген сенімін нығайту» туралы мәселелер сөз болды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы ашып, жүргізіп отырды. Сөз кезегі барысында алдымен мінберге шыққан АПБ-нің бастығы полиция полковнигі Б.Нышанбаев аудандық полиция бөлімінің 2024 жылы аудан көлемінде атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Баяндамашы сөз еткендей Отырар ауданында 2024 жылы жалпы тіркелген қылмыстардың саны 6,0 % төмендеген. Оның ішінде: бөтеннің мүлкін ұрлау 17-ден 15-ке кеміген және жасөспірімдермен жасалған қылмыстардың саны 4-тен 0-ге азайып, мал ұрлығы 10-нан 4-ке төмендеген. Ауданда жалпы қылмыстың алдын алу, болдырмау және болған қылмыстарды дер кезінде ашу мақсатында бөлім бастығының нұсқауымен аудан орталығында және елді мекендерде жұма-сенбі-жексенбі күндері «Қауіпсіз аудан» профилактикалық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған.
Кездесу барысында жиынға қатысушылар өз сауалдарын жолдап, тиісті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Мәселен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жалғасбай Көлбай, ардагер ұстаз Мәрия Белгібаева, ардагер Майлыбай Сиқымбаевтар мал ұрлығы мен алаяқтық, шет елден келген көліктерге салынған шектеулер, жол қозғалысындағы жол ережелерін сақтау секілді қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді.
Көтерілген мәселелерге байланысты жауап берген аудандық полиция бөлімінің бастығы аудан көлемінде орын алған қылмыстар мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, рейттік іс-шаралар жүргізілетінін атап өтті.
Жиынға қатысушылар қызу талқыға салған күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қанағаттанарлық жауаптар алған көпшілік полиция жұмысына ризашылығын білдірді.
Есепті кездесу жиынын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы алдағы уақытта аудан аумағында құқықбұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес барысында жедел-қызмет жұмыстарының күшейтілетініне сенім білдірді.