ТҮРКІСТАНДА КОРЕЙЛІК «WOOSONG» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫН АШУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

19
✔️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президентімен былтырғы кездесуінде Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалының ашу бастамасына арнайы тоқталып, қолдау көрсеткен болатын. Қазіргі таңда университет ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
✔️Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Оңтүстік Кореяның Халықаралық істер департаментінің деканы Шим Хэк Чже бастаған делегациямен кездесті. Тараптар Түркістан қаласында «Woosong» университетінің филиалының ашу бойынша жұмыстарды жан-жақты пысықтап, құжаттандыру және грант мәселелерін кеңінен талқылады.
🔁Облыс әкімінің орынбасары жұмыстарды бірлесе атқаруды, ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуді ұсынды.
📌– Қасиетті Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Өздеріңізбен осыған дейін бірнеше рет кездесіп, жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеміз. Ендігі кезекте – лицензия алу. Одан бөлек, жоғарғы оқу орнына білікті кадрлар мен профессорларды алу, грант бөлу, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі назарда тұр. Біз Министрлік және жергілікті әкімдік тарапынан грант бөлуге дайынбыз. Университеттің құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің өңірдегі 1 мың мектепте 500 мың оқушы білім алуда. Оның ішінде, биыл 30 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Корея елінің үздік тәжірибесі Түркістан облысындағы білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
✔️Басқосуда Шим Хэк Чже әрі қарай бірлесе тығыз жұмыс істеуге, барлық мүмкіндіктерді қарастыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар өздерінің тарапынан бұл университетте бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығаруға бар күш-жігерлерін салатынын айтты.
✔️«Woosong» университетінде 4 факультетте «Жасанды интеллект және үлкен ақпараттар талдауы», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT өнеркәсіптік революция», «Мультимедия және Web дизайн» мамандықтарында 2340 студент білім алады деп жоспарлануда. Университетті биыл ашу көзделген.
✔️Айта кетейік, Қазақ-Корей бірлескен білім ордасын ашу мақсатында Түркістан қаласының әкімшілік — іскерлік орталығында 17 қабатты ғимартқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі