ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КІТАП КӨРМЕСІ ӨТТІ

22

Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде «Бірлік пен бейбітшілікке толы 30 жыл» атты кітап көрмесі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл іс-шара еліміздегі этносаралық келісім мен ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындап, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Көрмеге Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Абай кітапханасы, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы, сондай-ақ зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өз қорларындағы құнды материалдармен қатысты. Келушілер Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен қызметі туралы мол ақпарат алып, этносаралық татулық пен келісімнің қалыптасу кезеңдерімен танысты.

Іс-шараға қала тұрғындары, мәдениет саласының қызметкерлері, кітапхана мамандары, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар өкілдері мен «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері қатысты.

Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы маңызды институттарының бірі. Осы 30 жыл ішінде Ассамблея этностар арасындағы татулықты сақтау мен нығайтуда үлкен рөл атқарды. Бұл көрме – жетістіктерімізді паш етіп, жастарға бірліктің құндылығын түсіндіретін маңызды шара», – деп атап өтті.

Бұл көрме – өткенді еске алып қана қоймай, болашаққа бағдар беретін, қоғамдағы бірлік пен бейбітшіліктің маңызын ұғындыратын мәдени-танымдық іс-шара болды.