ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН ТЫҢДАДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қатысты. Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін салалар бойынша басқарма басшылары мен жауапты мамандары өздеріне қатысты сауалдарға жауап беріп отырды.
Қабылдауға келген тұрғындар Ертай Кенжебекұлына спорт, мәдениет және ономастика салалары бойынша жүгініп, сауалдарына нақты жауабын алды.
Кентаулық Құрманбай Жолдыбаев пен Дәурен Мубәров 100 мыңнан аса тұрғыны бар кенді қалада сонау жетпісінші жылдары салынған бар-жоғы жалғыз спорт кешені бар екенін айтып, қала тұрғындары онда түзілген кесте бойынша жас мөлшеріне қарай кезек-кезегімен жаттығуға баратынын жеткізді. Құрылыс құны 2.2 млрд. теңге болатын жаңа спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Алайда нысанды салуға қаржы қаралмай отыр. Өтініш иелері облыс әкімінің орынбасарынан осы мәселені жылдамдатып шешіп беруін сұрады. Мәселені мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары өзі де Кентау қаласының тумасы ретінде жағдайдан толық хабардар екенін атап өтті. Дегенмен, жоба құны қомақты болғандықтан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджетке ұсыныс жолдағанын, барынша қолдау білдіретінін жеткізді. Әзірге биыл қолданыстағы спорт кешенін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген.
Түркістандық Құрбанәлі Сұлтанов ақсақал белгілі жазушы, Қазақстан Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Түркістанның тумасы Насыр Фазыловтың есімін ұлықтау туралы ұсынысын білдірді.
Ертай Кенжебекұлы аталған мәселе бойынша есім берудің қазіргі талаптарын түсіндіріп, белгілі жазушыны алдымен «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу қажеттігін, одан кейін ғана қалалық, облыстық және республикалық комиссияда қаралып, нақты шешімі шығатынын жеткізді.
Келес ауданының Қонаев ауылында осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған спорт кешенінің иесі Рахманберді Нұржанов келісімшарт уақытын создыруды өтінді.
Облыс әкімінің орынбасары өтініш иесіне мемлекет кәсіпкердің аяққа тұрып, еңсесін тіктеуі үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы көмекті 5 жылға ғана беретінін, одан әрі кәсіпкер өз әрекетін жасауы қажеттігін түсіндірді. Дегенмен бүгінгі таңда «Даму бала» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қолдау алуға болатынын айтып, жұмысты одан ары жалғастыруға үміт берді. Осы мазмұндас сауалмен келген кентаулық Нұрлан Байкенжеевке де субидия алудың талаптары түсіндірілді.
8 баланың анасы созақтық Гүлзира Тілеубергенова үйінің апатты жағдайда екенін, қыстыкүні онда тұруға болмағандықтан туысының үйіне паналап отырғанын айтып, көмек сұрады. Ертай Кенжебекұлы аудан әкімдігіне үйін апатты деп тану үшін экспертиза тағайындау ақысын демеушілер тарапынан ұйымдастырып беруді, осал топқа қосып, жәрдем беруді, жолдасын жұмыссыздық тізімге енгізу бойынша тапсырма, ұсыныс жолдайтынын жеткізді.
Қабылдау соңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев қоғамдық қабылдау бөлмесінің жауапты мамандарына осында көтерілген барлық мәселелерді бақылауға алып, назарда ұстауды тапсырды.