АУДАН ӘКІМІНІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН АПТАЛЫҚ МӘЖІЛІС ӨТТІ

47

Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, экологиялық бастамалар және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Алғашқы мәселе – индикаторлық жоспардың орындалуы және аудандық бюджеттің І тоқсандағы игерілуі туралы болды. Бұл тақырып бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Сұлтанғалиұлы баяндама жасап, қаржы көрсеткіштері мен даму жоспарлары бойынша есеп берді. Ол бюджет қаражатының тиімді игерілуіне ерекше назар аударып, алдағы кезеңде жоспарланған жобаларға тоқталды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аудан көлемінде орындалуы жайында болды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Дүйсебекұлы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Аудан бойынша көгалдандыру, қоқыс тазалау, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

Үшінші мәселе Конго-Қырым қанды безгегінің алдын алу шаралары туралы болды. Сауран аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нурдулла Абдуллаұлы және «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК Сауран аудандық филиалының басшысы Мәдіхан Әбубәкірұлы кенеден қорғау шараларының маңыздылығын түсіндірді. 2023 жылмен салыстырғанда тіркелген жағдайлар саны 4-ке төмендеген. 2025 жылы энзоотиялық іс-шаралар аясында 164 931 бас ірі мал бүркіліп, 949 207 бас ұсақ мал тоғытылатыны, сондай-ақ қора-жайлар мен суаттарды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Аппараттық мәжілісті қорытындылай келе, аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыруға, экологиялық тазалықты сақтауға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Әсіресе, көктемгі санитарлық шараларды күшейтіп, кенемен күресу және малды залалсыздандыру жұмыстарын уақтылы атқару керектігін ескертті.