ҚАЗЫҒҰРТТЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Облысты, ауданды дамыту жолдарын саралап, халықпен еркін пікір алмасты. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту басым бағытқа ие екенін жеткізді.
– Тарихы терең, табиғаты тамаша Қазығұрт ауданының халқы әрқашан еңбекқорлығымен танылып келген. Бүгін өзекті мәселелерді талқылау үшін арнайы келіп тұрмын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдіктерге ел экономикасының әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді орындау бағытында Қазығұрт ауданында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 9 елді мекенде құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылды. Нәтижесінде Қызылдихан, Тұрбат, Үшбұлақ және Көкібел елді мекендеріндегі 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 16 көшені жөндеу жұмыстары аяқталып, биыл 8 көше пайдалануға беріледі. Бақабұлақ, Шанақ бекеті және Ескі Шанақ елді мекендері табиғи газға қосылды. Сондай-ақ Майбұлақ, Қызылдихан, Қызылата және Көкібел елді мекендерінде электр желілерінің құрылысы жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 627 млн. теңгеге 64 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 130 маманға 48 млн. теңге көтерме жәрдемақы, 68 маманға тұрғын үй сатып алуға 564,8 млн. теңге несие берілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 19,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 30 пайызға артса, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6 пайызға ұлғайып, 72,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Дегенмен ауданның әлеуеті бұдан да жоғары. Барлық салада жұмыс жанданады, – деді Нұралхан Көшеров.
Биыл аудандағы 8 елді мекенде құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба «Ауыл – ел бесігі» аясында жүзеге асырылады. 21 көшеге (33,4 шқ) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әлеуметтік нысандар көбеймек.
Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың атқарған жұмысы жөніндегі есебінен кейін кездесу сұрақ-жауап форматына көшті. Тұрғындар инфрақұрылым, баспанамен қамту және өзге де мәселелер бойынша өтініштері мен ұсыныстарын айтты.
Кездесу жеке қабылдауға ұласып, қазығұрттықтардың өтініштері тыңдалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров көтерілген әрбір мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді.