ORDABASY: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуда атқарушы билікке нақты тапсырмалар жүктелген. Осы ретте аудан басшылығы үнемі ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап, пысықтап отырады.
Бүгін аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы бірқатар ауылдарға ат басын тіреп, жергілікті белсенді тұрғындармен бірге жүргізіліп жатқан жұмыстар мен туындаған мәселелерді талқылады.
Бірінші болып Қайнар ауылына табан тіреп, ондағы тұрғындар, қоғам белсенділері, сала мамандары және округ әкімімен ауылда туындап отырған электр жарығы, ағынсу, жайылым мәселелерін шешу жолдарын қарастырды. Ауыл тұрғындары трансформатордың әбден ескіргенін, электр жарығының жиі өшіп, қуаты жетпей жатқанын айтып, электр бағаналары мен желілері ауыстырылса деген мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауылдағы Тұрсынай каналын қалпына келтіріп ауыл ішіне ағынсу жеткізіп, көгалдандырсақ деген өтініштерін айтты.
Аудан әкімі сол жерде тиісті мәселеге жауапты сала мамандарына мәселені оңтайлы шешіп, ұсынысты орайлы іске асыруға нақты тапсырмалар жүктеді. Тұрғындармен кездесуге қатысқан “Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілдері биыл Қайнар ауылында 5 көшеде 5,8 шақырым 0,4 кВ электр желісі мен бағаналары және 2 трансформатор (№994 және 967) жаңартылатынын жоспарлап отырғанын жеткізді.
Одан әрі аудан әкімі назардан түспейтін абаттандыру-көгалдандыру жұмыстары аясында Ұялыжар ауылында тұрғындармен бірлесіп, ағаш егу жұмыстарына атсалысты.
Келесі кезекте Бөржар ауылында болып, белсенді тұрғындардың өтініштерін тыңдап, өз ұсыныстарымен де бөлісті. Ауыл орталығын абаттандып, көріктендірсек деген аудан басшысының ұсынысын жергілікті тұрғындар қуана қолдады. Осы ұсыныстар негізінде жоспар құрып, нобайын жасау округ әкімі мен тиісті мамандарға тапсырылды.
Онан соң Шұбарсу ауылындағы бірқатар көшелеріне тас төсеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын 60 көшеге тас төселіп жатыр. Жергілікті жауапты басшылыққа көшелерге жол белгілерін қойып, санитарлық талапқа сай тазалық шараларын күшейтү жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Одан әрі Темірлан елді мекеніндегі қазіргі таңда сыртқы қоршауы мен қақпасын ауыстыру жұмыстары атқарылып жатқан Темірлан жалпы орта мектебіне барып, құрылыс барысын қадағалады. Бұл нысанда алдағы уақытта ескі мектеп сүріліп, ойын алаңшалары мен демалыс орындары орналаспақ.