АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУЛЕРДЕГІ ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін қала әкімі Ғ. Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте субұрқақтарын іске қосу, көктемгі көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары мен жылыту маусымының аяқталуы, осы бағыттағы жоспарлар, тұрғындармен кездесулердегі тапсырмалардың орындалу жайы талқыланды.
Қала әкімінің орынбасары Р. Берденов субұрқақтары бойынша өзекті мәселелерді жеткізіп, қондырғыларды іске қосуды жетілдіру жоспарларымен, үздік тәжірибелермен бөлісті. Субұрқақтарын бақылаудың орталықтандырылған жүйесінің болмауынан техникалық ақауларды тез анықтау қиын екендігіне тоқталған Руслан Арысбекұлы мердігерлер міндеттемелерін қайта қарауды ұсынды.
Ғ. Сыздықбеков бұл бағыттағы жұмыстарды қала аумағындағы су бұрқақтарын түгендеуден бастауды назарға алып, халыққа қолайлы климат қалыптастыруда нақты тапсырмалар берді. Қала басшысы көктемгі көгалдандыру, абаттандыру шараларын жүйелі жолға қойып, ең алдымен келтірілген көрсеткіштердің шынайылығын тексеруді ескертті.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Р.Меңдіқұлов жылыту маусымы және сығымдау жұмыстарының кестесін, осы бағыттағы кешенді жоспарларды таныстырды. Ғ.Әбдімәжитұлы маусымды аяқтауда ауа райы ескеріле отырып, халыққа оңтайлы болатын шешім қабылданатынын жеткізді.
Жиын барысында қала әкімінің аудандарда тұрғындармен кездесу барысында берілген ұсыныстар мен ескертулердің орындалуы баяндалды. Қала басшысы азаматтардың өтініштері мен талаптарын мерзімінде орындамағандарға қатаң шара көруді тапсырды. Бұл орайда халықпен тығыз байланыста, жанашырлықпен жұмыс жүргізу қажеттігін еске салды.