БОЛАШАҚҚА МҮМКІНДІК – ЖАҢА ӨМІР

72
Бүгін ауданда «Болашаққа мүмкіндік – Жаңа өмір» атты форум өтті. Форумның мақсаты – сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауын болдырмау және оларды қоғамға бейімдеу мәселелерін талқылау болып табылады.
Аудандық мәдениет сарайында өткен жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев, ардагерлер, жастар және пробация есебіндегі азаматтар қатысты. Жиында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, жастарды заң бұзудан сақтандыруға бағытталған сахналық қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан басшысы форумның ашылуында сөз сөйлеп, жастарды құқықбұзушылықтан аулақ болуға және мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, қателік жасаған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов пробация есебінде тұрған тұлғаларға қатысты бағыт-бағдар беріп, өткен қателіктерін қайталамай, өкінішпен өмір сүрмеу мақсатында қоғаммен етене араласып, өз жеке кәсіптерін ашып, қарқынды түрде жұмыс жасау керектігін баяндады. Мұнан соң Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев жастар арасындағы құқықбұзушылық тен есірткі қылмысының алдын алу және тағы да басқа қоғамдағы тәртіпті сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Шарада сөз алған ауданның бас имамы Бақыт Әбусейіт аудан тұрғындары мен жастарын имандылыққа, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеуге, діни экстремизмнің алдын алуға шақырып, рухани тәрбиенің маңыздылығын айтты. Сонымен қатар ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Жұмахан Әбдіқадыров ішкі істер саласындағы тәжірбесімен бөлісіп, қоғамдық белсенділікті арттыру туралы ұсынысын айтса, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Ерубай білім беру ұйымдарында тәрбиелік жұмыстарды жандандыру туралы пікірін білдірді.
Шараға қатысушылар өкініште жүрген тұлғаларға қолдау көрсетіп, оларды қоғамға қайта қосу үшін арнайы жұмыстардың атқарылатындығын, жіберілген қателіктерін қайта жасамауға, тек жарқын болашаққа нық қадам жасауға шақырды.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесімен қорытындыланды.