АУДАН БАСШЫСЫ ҚАРАСПАН АУЫЛ ОКРУГІНДЕГІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Бүгін аудан басшысы Азат Оралбаев жұмыс сапарымен Қараспан ауыл округінің бірқатар нысандарына табан тіреді.
Бірінші кезекте Берген Исаханов ауылында жаңадан ашылған 100 орындық Өнер мектебіне барып, ауыл мәдениетінің көркеюіне үлес қосатын нысанның жай-күйімен танысты. Тұрғындар үшін жоғары сұранысқа ие бұл мектеп гимнастика, сурет салу, би, домбыра секілді бағыттарда оқушыларға білім береді. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға зор мүмкіндік.
Одан әрі ағынсу мәселелерінің мән-жайын білу үшін Қараспан және Жаңатұрмыс ауылдарына ат ізін салды. Мұнда ауылға тіршілік нәрін жеткізетін суарналарда жүргізіліп жатқан бетондау жұмыстарын көріп, алдағы суару маусымына дайын болу жағдайын пысықтады.
Келесі кезекте марокко шегірткесіне қарсы жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Бадам және Бөржар ауылдары аймағына жол тартты. Бұл нысанда арнайы мамандармен зиянкеске қарсы күрес жұмысына тартылған техникалар, химиялық препаратты шашатын бүріккіштер мен өңделетін аумақ көлемінің жай-жапсарын талқылады.