АУДАНДА АЛҒАШ РЕТ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАЙДАРМАН САЙЫСЫ ӨТТІ

673

Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жастар арасында кеңінен танылған әрі таралған «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысы өтті.

Аталмыш сайысқа Қызылорда, Алматы, Шымкент, Атырау секілді өңірлерден жастар келіп, тамаша өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындар үшін бақ сынасты.

Сайыстың өтуіне Сайрам ауданының әкімі Уласбек Садибеков және аудан прокуроры Даулет Тлемисов қолдау білдірді.

Ойынның ашылу салтанатына аудан әкімі арнайы қатысып, барлық команданың ойыншыларына сәттілік тіледі. Республикалық «Жайдарман» сайысын өткізудің мақсаты жастарды ынталандыратын, саналы тәрбие беретін, ізгілікке, мәдениет пен шығармашылыққа шақыратын сипатта болды.

Кешті Жайдарманның негізін қалаушы, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен

жүргізді.

Әділ қазылар ретінде «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы филиалдарының жетекшісі Марат Достаев бастаған беделді жастар қатысты.

Сайысқа облыс және қалалардан 8 команда жинақталып, 60-тан астам жайдарман ойыншылары қатысты. Жалынды жастардың арасында тек тәжірибелі топтар емес, жас құрамалар мен түрлі лигалардың жеңімпаздары да сайысты.

Сайыс нәтижесінде әділ қазылар алқасы тарапынан әзілдері үздік танылған командалар іріктелді. Сонымен, 3-орын оралдық «Европолис» командасына бұйырса, 2-орын «Ұлттық сапа» командасы иеленді. Ал, 1-орынды Қызылордадан келген «Қазалы» құрамасы қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, Шымкент қаласынан келген «Абырой» командасының ойыншысы Нұрғанат Ғалым «Үздік ойыншы» атанып, барлық жүлдегерлер мен номинация иегерлеріне қаржылай сый-сияпаттар табысталды.