Шымкентте сала мамандары жолдарға мониторинг жүргізді

408

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары осы жылдың наурыз айында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандарға мониторинг жүргізген болатын.

Өткен жылы басқарманың тапсырысы негізінде қалада 228 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде салалық қызметкерлер 104 нысанда ақаулар анықтаған.

Атап айтқанда – асфальтбетон жабындысының отыруы, бұзылулар, құдықшалардың отыруы немесе сынуы. Орын алған ақауларды кепілдік мерзіміне сәйкес 2021 жылдың 15 сәуіріне дейін қалпына келтіру бойынша мердігер мекемелерге ескерту хаттар жолданды.

Бүгінгі күнге 72 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, 32 нысанда ақаулар белгіленген мерзімде жойылмауына байланысты, түзілген келісім шартқа сәйкес 17 мердігер мекемелерге тұрақсыздық соммасы есептеліп сотқа талап-арыз жолданған. Жалпы тұрақсыздық соммасы 12,5 млн. теңгені құрайды.

Сонымен қатар, 2021 жылы түзілген келісім шарттар бойынша уақытылы өндірістік кестені ұсынбағаны және өндірістік кестеден қалыс қалғаны үшін 12 мердігер, 12 техникалық қадағалаушы, 2 жобалаушы және 1 авторлық қадағалаушы мекемелерге 7,9 млн. теңгені құрайтын тұрақсыздық соммасы есептеліп сотқа талап-арыз жолданған. Оның

4,9 млн. теңгесі өндірілген.

Орташа жөндеудің кепілдік мерзімі – 3 жыл. Жөндеудің бұл түрі жол бетіндегі ескі асфальтты түгелдей қырып тастап, жаңасын төсеуден тұрады.

Басқарма тарапынан жыл сайын жөндеуден өткен жолдарға мониторинг жүргізіліп отырады. Анықталған кемшіліктерді мердігер мекеме кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін өз қаржысы есебінен қалпына келтіретін болады.